ШҚО-да жастарды қолдауға грант пен микрокредит берілді

Биыл Шығыс Қазақстан облысында халықтың бизнес-бастамаларын іске асыру үшін 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 234 грант және Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жеңілдетілген шарттармен жастарға 218 микрокредит беру жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта 236 грант пен 215 микрокредит берілді. Мемлекеттік қолдау алушылар өз істерін сәтті дамытуда.

Гранттардың көпшілігі технологиялық жабдықтарды (38%), құстар, балықтар, жануарлар мен төрт түлік (32%) және құрал-саймандар (25%) сатып алуға берілген.

Бүгінгі күні Business.enbek.kz порталында 3-ші лек бойынша өтінімдерді қабылдау аяқталды, өңірлерде комиссияның оң қорытындысын алған үміткерлермен жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беру туралы шарттарға қол қою процесі жүзеге асырылуда.

Сонымен бірге 2023 жылдың басынан бастап жастарға жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық микрокредит берілуде.

Шығыс Қазақстан облысында жас кәсіпкерлерге 218 микрокредит беру жоспарланған, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда барлығы 267 өтінім қабылданды. Конкурстық комиссияның қарауына 1,1 млрд теңгеге 251 өтінім жіберілді, 231-і мақұлданды. Қазірдің өзінде жас кәсіпкерлерге 952,6 млн теңгеге 215 микрокредит берілді.

Микрокредиттер жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі 5 жылдан аспаған 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз ісін ашу немесе кеңейту үшін беріледі. Бұл ретте қатысушылардың «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ  өтініммен жүгінген кездегі жасы ескеріледі

Осындай мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі – Өскемен қаласының тұрғыны Азамат Сәлімбаев. Биыл сәуір айында ол АКК-ға өтініш беріп, өз жобасын сәтті қорғады.

Алған ақшаға мен табиғат аясында демалуға арналған тауарлар сататын дүкен аштым. Онда барбекю, қазан, кемпингке қажет нәрсенің бәрі бар, – деді Азамат.

Мемлекет қолдауымен бизнесін сәтті дамытып отырған кәсіпкер Шемонаиха қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Ғалия Жұмабаева. Ол 1,3 млн теңге көлемінде грант алған.

Ақпан айында мен жұмыспен қамту орталығына хабарласып, барлық қажетті ақпаратты алдым. Кейін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтіп, өтінім бердім. Мен қаламыздан ыдыс-аяқ сататын дүкен ашуды ойластырдым, – деп бөлісті жас кәсіпкер.

Бөлінген ақшалай қаражатқа Ғалия Жұмабаева қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, дүкенге ыңғайлы орынды жалға алып, өзі армандаған «Ademi_home» атты дүкенін ашты.

Бүгінгі таңда дүкенде тауарлардың үлкен ассортименті бар және тұрақты сатып алушылары да қалыптасуда.

Кәсіпкер болашақта жастарға арналған жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық микрокредит алып, өз бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Өзгелердің жаңалығы