ШҚО-да заңсыз ағаш кескендер ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Семей Орманы» мемлекеттік мекемесінің директоры қызметкерлерімен бірге орман алқабын патрульдеу барысында ағаштардың заңсыз кесілгенін анықтап, бұл туралы полиция бөліміне шағым түсірген.
Осылайша көлемі 56,5 текше метр 112 дана қарағай, сондай-ақ көлемі 0,3 текше метр 25 дана көктерек ағашы кесілгені анықталды, жалпы залал шамамен 350 000 теңгені құрады.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдіктілерді анықтап, ұстады. Олар Семей қаласының 40 жастағы тұрғыны және Бесқарағай ауданының 43, 46, 30, 51 жастағы тұрғындары болып шықты, олардан трактор, тіркеме және кесілген ағаштардың бөренелері алынды. Бүгінгі күні оларға қатысты келу туралы міндеттеме түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды, – деп хабарлайды ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 340 – бабы 3-бөлігі бойынша ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясымен 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу көзделген.