ШҚО-да туристік бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығысқазақстандық кәсіпкерлер туризм саласын мемлекеттік қолдау жайын талқылап, оны субсидиялауға қатысты ұсыныстар жасады.

Аумақтық кеңестің туризм мәселелері бойынша комитетінің кезекті онлайн отырысы барысында шығысқазақстандық кәсіпкерлер саланы мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыттарынан хабардар болды. 

Биылғы жылдың бірінші қаңтарынан бастап туристік нысандарды салу және қайта жаңғырту, жол бойында қызметтер ұйымдастыру, туристік автобустарды, тау шаңғы техникаларын сатып алу, әр шетелдік турист үшін, санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстау және балаларға арналған әуе билеттерін төлеу бағыттарындағы шығындардың белгілі бір бөлігін өтеуге қатысты мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары енгізілген болатын. Аталған отырыста біз қазіргі уақыттағы қолданыстағы шығындардың бір бөлігін өтеу механизмдерін қарстырып, қолданыстағы ережелерді дамытуға қатысты өз ұсыныстарымызды жасадық, - дейді Шығыс Қазақстанның туристік ассоциациясының басшысы Асқар Оразбаев.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Қабақовтың айтуынша, мұндай шаралардың елімізде алғаш рет қабылдануына байланысты бірқатар кемшін тұстары да бар көрінеді. Осы себепті, аталмыш шара кәсіпкерлер тарапынан қажетті ұсыныстарды жинап, орталыққа жіберуге бағытталды. Бұған дейін болған осындай ұсыныстардың алғашқы легін министрлік тарапы қазірдің өзінде қарастырып, өзгерістер енгізіп те қойған көрінеді.

Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының аумағына туристік мақсатта ұшақпен келген шетелдік әр туристке кеткен шығынды 15 мың теңге мөлшерінде субсидиялау шарасы енгізілді. Субсидияны алу үшін тапсырысты әр жылдың бірінші желтоқсанына дейін Мәдениет және спорт министрлігіне қағаздағы және электронды форматта жолдау қажет. Субсидия қаражаты өтінімді он күн ішінде қарап, қолдау көрсететін комиссияның шешіміне сәйкес, 40 күн ішінде төленеді.

Бұл жердегі құжаттар пакеті стандартты – туристік оператордық құрылтай құжаттары, отырғызу билеті, шетелдік туриске жасалған құжаттар және турист пен екі арадағы келісім-шарт кіреді. Жыл көлемінде өтінім беріп, өтемақы алуға болады. Сондай-ақ, E-Qonaq порталында әр турист туралы деректерді толтырып отыру қажет, - дейді Марат Қабақов.

Бизнеске тау шаңғы демалысына қажетті құрылғыларды сатып алғаны үшін кететін шығындардың 25 пайызы субсидияланады. Аталмыш қолдау қаражатын алу үшін өтінімді министрлік тарапына сәйкес жылдың бірінші наурызына дейін жолдау қажет. Ал төлемақы жыл көлемінде жасалады.  

Ал балалардың әуе билеттерінің шығындарын өтеуге байланысты шара тек қана туристік операторларға ғана қолданылып, өтінімдер жыл сайын бірінші желтоқсанға дейін «Kazakh Tourism» ҰҚ арқылы қаралатын болады. Бұл жерде демалыс аймағына ата-анасымен немесе жақын туыстарымен ұшып бара жатқан балалрлың әуе билеттері 100 пайыз мемлекет тарапынан субсидияланып, төлем 45 жұмыс күні ішінде жасалады. 

Осы және басқа да мемлекеттік қолдаудың төрт шарасын жергілікті атқарушы органдар көрсететін болады.

Бұдан бөлек, туристік нысандарды салуда кеткен шығындардың 10 пайызы, туристік автобустарды сатып алуда кеткен шығындардың 25 пайызы субсидияланбақ. Автобусқа қатысты айта кетерлік бір жайт, көлік құралы жүргізушінің орнын есептемегенде сегіз орындық болуы міндетті. Сонымен қатар, аталған көлік құралын бес жыл көлемінде сатуға болмайды. Сатып жіберген жағдайда оның иесіне мемлекет тарапынан берілген субсидияны қайтару қажет. 

Санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауды субсидиялау мәселесіне тоқталсақ, бұл жерде ай сайын әр нысан үшін 83 мың теңгеден субсидия төлеп отыру қарастырылған. 

Бірақ бұл жердегі талаптар тым қатал. Атап айтсақ, дәретхана негізгі нысаннан қашықта орналасуы қажет. Сонымен қатар, бұл жер кәсіпкердің иелігінде болуы керек. Оған қоса дәретханада ерлерге, әйелдерге және мүгедектерге арналған үш кабинасы болуы қажет. Біз өз тарпымыздан дәретханалардың нысанның өзінде орналасуын және жерге қатысты талапты алып тастау туралы ұсыныс жасадық. Өйткені, әкімдіктер арқылы салынып, жер учаскесінсіз сенімгерлік басқаруға берілген дәретханалар да бар, - дейді Марат Қабақов.

Мемлекеттік қолдау шараларын түсіндірген отырыс барысында жергілікті кәсіпкерлер жобалық-сметалық құжаттамасы жоқ кіші-гірім туристік базалардың туристік мақсаттағы нысандарды салуды, туристік автобустарды сатып алуды және тағы басқа бағыттарды субсидиялауға қатысты ұсыныстары тыңдалып, ел орталығына бағытталды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы