ШҚО-да террористер туралы жалған хабар берген оқушылардың ата-анасы жауапқа тартылды

ШҚО-да террористер туралы жалған хабарлама берген оқушылардың ата-аналары жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасай отырып.

15 қыркүйекте "102" жедел арнасына дабыл қоңырауы түскен. Қоңырау шалған бала мекенжайын айтып, жанында террористердің бар екендігі туралы хабарлаған. Оқиға орнына жеткен жедел қызмет тобының қызметкерлері барлығын тексеріп, хабарламаның жалған екені белгілі болған.

Тәртіп сақшылары қоңырау шалған 8 жасар бастауыш сынып оқушысы екенін анықтаған. Оның айтуынша, көршінің баласы оған келіп, полицияға қоңырау шалуды өтінген. Сонымен қатар көршінің баласы тамыз айында басқа балаларға да осындай өтінішпен жүгінгені туралы айтып берген. Екінші кәмелетке толмаған баланың да жеке басы анықталды. Ол 14 жастағы жасөспірім болып шықты. Екі баланың ата-анасы бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың терроризм актісі туралы жалған хабарлаудың басқа фактілеріне қатыстылығын тексеріп жатыр, – деп жазылған хабарламада.

Полиция департаменті бұл әрекеттер үшін 5 мың АЕК-ке дейінгі айыппұлдан бастап 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылғанын еске салады. Бұл қылмыс үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Егер кәмелетке толмағанның жасы 14 жастан аспаса, онда бұл жағдайда оның ата-анасы балаларды тәрбиелеу бойынша шаралар қолданбағаны үшін жауапкершілікке тартылады. Құрметті ата-аналар, балаларыңыздың мінез-құлқына ерекше назар аударыңыздар, олармен мұндай әрекеттердің салдарын талқылаңыз және мұндай бір сәттік әзіл-қалжыңның ауыр қылмыс екенін және ол үшін ауыр жаза қарастырылғанын түсіндіріңіздер, – деп жазды полициядан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы