ШҚО-да тау-шаңғы базасы жанып кетті
Бұл аймақтағы спортшыларға ең маңызды нысан болған. Өйткені олар осында келіп жаттығу өткізетін. Тау-шаңғы базасы кешегі өрттен түгі қалмай жанып кетті. Тілсіз жау небір қымбат спорт жабдықтарын күлге айналдырған, деп хабарлайды BAQ.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстанда дала өрті өршіп тұр. Бүгінге дейін 2 мың гектардан астам жер жанып кеткен. Оның басым бөлігі өшірілгенімен, Күршім ауданында тұтанған тілсіз жау бой беретін емес. Қазір негізгі күш сол аумаққа жұмылдырылған.
Не істерімізді білмейміз. Бәрі жанып кетті. Кейбірін ата-аналар алып берген еді. Қымбат шаңғы, аяқ киім, арнайы бас киімдер – бәрі жанып кетті. Енді олардың бәрін қайта сатып алу керек. Біз өз күшімізбен мұның бәрін қалпына келтіре алмаймыз, - деді жаттықтырушы Валентин Котляров.
Өрт шаңғы базасына жақын жерде тұтанған. Бірақ жалынды күшті жел спорт кешеніне бұрып әкеледі деп ешкім күтпеген. Бәрі қас қағым сәтте болды дейді куәгерлер.
Жалын басқа бағытқа бет алғандай болды. Артынша екпінді жел бәрін бүлдірді. Айналасы он минутта жанып бітті ғой. Біздің базаға жақын тұрған үй де өртенді, - деді оқиға куәгері Анатолий Романов.
Өкініштісі, өрт кесірінен мүгедек баласы бар отбасы далада қалды. Үйінен айырылғандар қазір жақындарын жағалап жүр. Төтеншеліктер келгенше, өртті өздері өшірмек болыпты. Бірақ нәтиже болмаған.
Үйден тек құжаттарды алып үлгердім. Басқасының бәрі жанып кетті. Ауладағы қысқа әзірлеп қойған көмір, ағаштың бәрі жанды. Кішкентай күшіктерім бар еді. Соларды көлікке салып қайта оралғанша, үйдің дымы қалмаған. Көк түтіннен түк көрінбеді, - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Татьяна Меликова.
Кешегі түн төтеншеліктерге оңайға соқпады. Бір тәулікте 57 шақырту түскен: Зайсан, Ұлан және Өскемен қаласы маңындағы дала өртін сөндірген. Тілсіз жаумен күресуге жалпы саны 700 адам жұмылдырылған. Тіпті көкке тікұшақ көтеруге тура келген.
Өрттердің басты себебі – тұрғындардың жауапсыздығы. Ауласында қоқыс өртеп, немесе құрғақ шөптерді өртейді. Өрт қауіпті кезеңінің болуына байланысты және қатты соққан жел өрттің жылдам тарап кеуіне көп ықпал етті, - деді ШҚО ТЖД басқарма маманы Жадыра Аманғалиқызы.