ШҚО-да сырттан келген екі адамнан психотроптық зат салынған 34 орама табылды
Өскеменде полицейлер психотроптық заттарды таратты деген күдікпен 33 жастағы әйел мен 22 жастағы ер адамды ұстады. Олардан жалпы саны 34 орама α-PVP табылды.
Ұстау шарасын ШҚО Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жүргізді. Күдіктілердің екеуі де басқа өңірлердің тұрғындары болып шықты.
Тыйым салынған заттың басым бөлігі әйелден табылды. Жеке тінту кезінде полицейлер одан ұнтақ тәрізді зат салынған төрт орама тапты. Оқиға орнында тексерілген сөмкеден тағы 29 осындай орама шықты.
22 жастағы ер адамнан тағы бір орама тәркіленді.
Сот сараптамаларының қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат α-PVP психотроптық заты болып шықты. Жалпы салмағы 28,46 грамды құрады, - деп мәлімдеді ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осылайша, ұсталған екі адамнан психотроптық зат салынған барлығы 34 орама тәркіленді.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.