ШҚО-да су тасқынының алдын алу үшін қандай шаралар атқарылып жатыр
Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеді.
Өңір бойынша су тасқынының алдын алу жұмыстары барынша күшейтілген. «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары шеңберінде құтқарушылар мен техникалардың су тасқынына дайындығы пысықталды.
Оқу-жаттығу мазмұнына сәйкес, Шемонаиха ауданында қар күрт еріп, Үбе өзенінде су көбейіп, көлік көпірінің төменгі жағында мұз кептелді. Соның салдарынан су деңгейі көтеріліп кетті. Кептеліске байланысты өзенге іргелес көшелердегі үйлер су астында қалды. Бірінші болып оқиға орнына әкімдік пен ТЖ бөлімінің қызметкерлері келді. Жағдайды бағалап, су басу аймағын анықтаған соң мұз жару жүргізу туралы шешім қабылданды, - делінген ақпаратта.
Осы уақытта құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді. Апаттар медицинасы орталығының бригадасы зардап шеккен азаматтарға алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетті. Үйлерді тонау жағдайларын болдырмас үшін қызметкерлер қоршауды және патрульдеуді ұйымдастырды. Өрт сөндіру бөлімі мен «Шемонаиха су арнасы» ЖШС қызметкерлері еріген қар суын сорып алды.
Сондай-ақ жаттығу барысында жалпы облыс бойынша 19,8 мың текше метр қар шығарылып, 8 шақырым канал мен арық тереңдетілді. 11 су өткізу құрылысы мен 7 автокөлік көпірі қардан тазартылды. Өскемендегі Маховка өзенінде 400 метр жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, Шемонаиха қаласы мен Усть-Таловка кентіндегі Үбе өзенінде 10600 шаршы метр аумақта мұз ұсақталды, - делінген хабарламада.