ШҚО-да су құбыры желілерін салу кезінде трактор жүргізушісі қаза тапты
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында қайғылы жағдай болды. Су құбыры желілерін салу кезінде трактор жүргізушісі қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін таңертең Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылында қайғылы оқиға болды. Құрылыс жұмыстары кезінде трактор траншеяға аударылған. Салдарынан 1980 жылы туған трактор жүргізушісі қаза тапты. Марқұмның артында бес баласы қалды.
Оқиға орнына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы және Ұлан ауданының әкімі жедел жетті.
Өңір басшысы су құбыры желілерін салып жатқан "ТМ Тепломир" ЖШС-нің қызметіне қатысты жан-жақты және әділ тергеу жүргізуді тапсырды.
Еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.
Мұндай жағдайларға бей-жай қарауға болмайды. Болған оқиғаның нақты себептері анықталуы тиіс. Еңбек қауіпсіздігі біздің сөзсіз басымдығымыз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сонымен қатар, облыс әкімі Ұлан ауданының әкіміне қаза тапқан азаматтың отбасына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетуді тапсырды.
Қазіргі таңда оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыстарын жалғастыруда. Қайғылы жағдайдың мән-жайы нақтылануда.
Еске салайық, бұған дейін СҚО-да кәріз құдығына құлап кеткен әйел көз жұмған болатын.