ШҚО-да сел жүруі мүмкін 13 нүкте анықталды

15 мамырдан бастап ШҚО-да сел қаупі кезеңі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өңірде барлығы сел жүру қаупі анықталған 13 мекен бар. Бұл туралы Altaynews жазды.

 Олар Катонқарағай, Зайсан, Алтай аудандарында, Риддер қаласында орналасқан. Аталған аудандардағы таулардың басында қалыптасатын 144 мореналық көл 13 елді мекенге қауіп төндіреді. Мамандар қауіпсіздік мақсатында жыл сайын көл маңындағы мұздықтар ери қоймаған сәттен бастап олар толық ерігенге дейін тексеру жүргізеді. Бұл сел жүру қаупін бағалау, бақылау үшін ұйымдастырылады.

Облыста көшкін, сел жүру қаупі бар 9 учаске анықталған. Олардың басым бөлігін автожолдардағы, өзен бассейндеріндегі таулардың беткейлері мен құлдилары құрайды. Дәлірек айтқанда, Риддер қаласында Громотуха, Уба, Алтай ауданында Бұқтырма, Хамир,Черновая, Катонқарағай ауданында Бұқтырма, Зайсан ауданында Кендірлік сынды қауіпті нүктелер бар.

Сел және мұз көшкіні қаупі кезеңінің қауіпсіз өтуіне әзірлік мақсатында ТЖД қауіпті аймақтардағы тұрғындардың қауіпсіздігін және инфрақұрылымның бүлінбеуін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жоспарын дайындады. Департамент жоспарды «Қазселденқорғау» ММ-нің Шығыс Қазақстан аумақтық пайдалану басқармасы филиалымен бірлесе отырып ойластырған. Өзен арналары және сел, көшкін қаупі бар учаскелер бойынша жоспарлы жерүсті және аэровизуалды зерттеу кестесі әзірленді.

Сел жүруі мүмкін аумақтарда 20 ескерту және тыйым салу белгісі, көшкін қаупі бар аумақтарда 18 белгі орнатылған. Сонымен қатар, аталған елді мекендердегі атқарушы органдарға, нысандар мен құрылыстардың иелеріне, жеке үй иелеріне хабарландыру айтылған.

Өңірде маусымдық 9 гидропост және жыл бойы жұмыс істейтін 1 гидропост бар.

ШҚО ТЖД және ШҚ "Қазселденқорғау" филиалы сел жүруі ықтимал кезеңде тауға барудан бас тартқан жөн екендігін жеткізді.

Төтенше жағдай кезінде «112» нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы