ШҚО-да робот-иттер алғаш рет қоғамдық тәртіпті күзетуге шықты
Робот-иттер белгіленген аумақты патрульдеп, тәулік бойы бейнебақылау жүргізе алады.
Шығыс Қазақстан облысында полиция жаппай іс-шара кезінде алғаш рет робот-иттерді қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге пайдаланды.
Жаңа технология Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде өткен «Nomad Álemi» заманауи көшпенділер мәдениеті фестивалінде сынақтан өткізілді.
Робот-иттер белгіленген аумақты патрульдеп, тәулік бойы бейнебақылау жүргізе алады. Олар бейнежазбаларды талдап, адамның бет-әлпетін тануға қабілетті. Жиналған ақпарат нақты уақыт режимінде полицияның Жедел басқару орталығына жіберіледі.
Сонымен қатар роботтар жарық сигналдары және дауыстық ескерту жасауға арналған дауыс зорайтқыштармен жабдықталған.
Полицияның мәліметінше, робот-иттер дәстүрлі патрульдердің жұмысын толықтырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен оқиғаларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға бағытталған.