ШҚО-да республикалық бүркітшілер чемпионаты өтеді

ШҚО-да Ұлттық спорт федерациясының ұйымдастыруымен құсбегілердің ХVІІ республикалық чемпионаты басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Altainews.kz-ке сілтеме жасап.

Бүркітшілер чемпионаты Ұлан ауданының Бозанбай ауылында 8-11 ақпан аралығында өтеді.

Бозанбай ауылында осы қыстың басында бүркітшілер фестивалі өткен болатын. Осылайша биыл Ұлан жерінде құсбегілер екінші рет қырандарын сайыстырғалы отыр.

Кезекті бүркітшілер чемпионатына Ұлттық спорт федерациясының ұйымдастыруымен Ұлан ауданының Бозанбай ауылында өтеді. Қазіргі уақытта 70-тен астам құс сайысқа қатысуға тіркелді, – дейді Ұлан ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерхат Сатыйұлы.

Бүркітшілер чемпионатының бағдарламасында 8 ақпан төрешілер отырысы өтіп, жеребе тартылатыны көрсетілген. Ал 9 ақпан күні чемпионатттың салтанатты ашылу рәсімі өтсе, 10 ақпан күні ителгі, қаршыға қолға шақыру болады. Ақпанның 11-і күні ақтық бәсеке өтіп, жеңімпаздар марапатталады.

Айта кетейік, бұған дейін ШҚО әкімі Бозанбай ауылында бүркітшілер орталығы ашылатынын айтқан болатын. Сонымен қатар, әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызының отбасы да Бозанбай ауылына қоныс аударған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ -архив
Өзгелердің жаңалығы