ШҚО-да полицейлер 26 жыл бұрын жасалған аса ауыр қылмысты ашты
ШҚО-да полицейлер 26 жыл бұрын жасалған аса ауыр қылмысты ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті 1999 жылы желтоқсанда Зайсан қаласында жасалған адам өлтіру және қарақшылық қылмысына қатысы бар тұлғаларды анықтады. Тергеу нәтижесінде бірнеше қарулы шабуыл үшін бұрыннан өмір бойына сотталған екі аса қауіпті қылмыскердің бұл іске де қатысы бар екені белгілі болды.
Қылмыскерлер ірі олжа табу мақсатында жергілікті тұрғынның үйіне баса-көктеп кіріп, 26 жастағы ер адамды пышақтап өлтірген, ал 77 жастағы әйелді соққыға жығып, байлап кеткен. Олар оқиға орнынан аңшы мылтығын, пневматикалық тапаншаны және бейнемагнитофонды ұрлап кеткен.
Жылдар өткен соң полиция, тергеу органдары мен прокуратураның бірлескен жұмысы нәтижесінде істің мән-жайы толық анықталды. Сот шешімімен екі сотталушыға мүлкі тәркіленіп, төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы түпкілікті бекітілді.
26 жыл бұрынғы ауыр қылмыс бойынша әділдік орнады.