14 Қазан 2026, 23:55
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
ШҚО-да өрт кезінде әйел мен екі бала қаза тапты
Өрттің шығу себебі мен мән-жайы анықталуда.
Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданына қарасты Бобровка ауылында жеке тұрғын үй өртеніп, бір әйел мен екі бала қаза тапты.
Өрт туралы хабарлама кезекшінің пультіне түскен соң, оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел жеткен. Құтқарушылар келген кезде бір қабатты үй толығымен отқа оранып, шатырдың ағаш құрылымдары опырылып құлаған.
Өртті барлау және сөндіру жұмыстары кезінде құтқарушылар үй иесінің және өмір белгілері жоқ екі баланың денесін тапты.
Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт шарпыған аумақ 63 шаршы метрді құрады.
Қазіргі уақытта оқиға орнында өрт сынақ зертханасының мамандары жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себебі мен мән-жайы анықталуда.