ШҚО-да игерілмей жатқан жайылымдар мемлекеттік меншікке қайтарылуда

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы жылдары аймақта 60 мыңға жуық жайылым жерлер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Төрт түлігінің санын көбейтемін деген шаруаның басын ауыртып, балтырын сыздатқан маңызды міндет - мал азығын қамтамасыз ету екені бәрімізге аян. Аталған мәселенің қысы алты айға созылатын Алтай өңірінде бірінші кезекте тұратыны да рас. Осы себепті аймақ шаруалары ұзақ әрі қытымыр қыстың қамын жаз ойлап жатады. Қазірде аталмыш мәселе қыста қары қалың түсіп, төрт түліктің тебіндеуге мүмкіндігі жоқ өңірде өзекті мәселенің біріне айналғаны белгілі. Малға жайлы жайылым іздеген шаруалар құзырлы органдардың есіктерін қағып, бос жерлерді іздеп табандарынан таусылуда. 

Бүгінде ел экономикасының ажырамас бөлігіне айналған ауыл шаруашылығында еңбек ететін азаматтар республикалық табыстың 30 пайызға жуық бөлігін осы саладан тауып отырғаны рас. 

Біз осыған дейін де төрт түліктің тұяғымен тапталып, күтім жасалмаған жайылым жерлердің күйі кетіп жатқаны туралы айтқанбыз. Еліміздің қай өңірін алмасақ та, топырақ құнарының төмендеп кеткенін агроном-ғалымдар жиі айтуда. Статистикаға көз жүгіртсек, ел аумағының 70 пайызын мал азығына арналған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер алып жатқан көрінеді. Аталған жерлердің басым бөлігін, яғни 95 пайызын жайылымдық жерлер алып жатса, қалған бес пайызы шабындықтар ретінде қолданылып жатыр. Дей тұрғанмен, қазіргі уақытта бұл алқаптардың әлеуеті жартылай ғана пайдаға жарап, көрсеткіш елу пайызды құрауда. Бұл бірінші кезекте жер учаскелерін алып алып, не өзіне, не өзгеге пайдасын тигізбей отырған жер иелерімен тығыз байланысты. Осы ретте, бүгінде пайдаға жаратылмай жатқан жер учаскелерін мемлекеттің меншігіне қайтару мәселесі күн тәртібіне қойылды.

Соңғы уақытта жайылымдар мен шабындықтарды иелігіне алып пайдаға жаратпай отырған адамдардан қайтарып, жерге зәру шаруаларға қайтарып беру мәселесі жиі айтылуда. Аталған мәселе өңірдегі осы мәселеге құзырлы органдар назарынан да тыс қалмауда. Атап айтсақ, аудан-қалалардағы әкімдіктердің бірнеше жыл көлемінде жүргізген жұмыстары аймақта 237,7 мың гектар жайылымдық жерлердің пайдаға жарамай жатқанын анықтаған.  Нәтижесінде 59,2 мың гектар жайылым мемлекеттің меншігіне қайтарылып, 34,9 мың гектар жайылымды пайдаланбай отырған иелері ескерту алғаннан кейін, жер телімдерін өз мақсатында пайдаланауды қайта бастаған. Ал, 143,6 мың гектар жайылым жерде мемлекеттің меншігіне қайтаруға бағытталған жұмыстар жалғасын тапты.

Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис қазірде өңірде 19859 мың гектар жайылымның, 1057,6 мың гектар шабындықтың бар екенін айтады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жұмыстарды жүргізуге 501,2 мың гектар шабындық шаруаларға берілген болса, 404,2 мың гектар алқап әзірге резервте тұрған көрінеді.

Еліміздің Жер кодексінің 36-бабында жер учаскелерінің азаматтарға, сондай-ақ заңды тұлғаларға маусымдық жайылым немесе шөп шабу мақсатында табысталатыны көрсетілген. Жерді жалға беру конкурстық негізде жүргізіледі. Учаскелерді жалға беру уақыты бес жылдан аспауы тиіс, - деді Надежда Михейлис. 

Дегенмен, Жер кодексінде жер учаскелерін қысқа мерзімге жалға алумен қатар, 49 жылға жалға беруді де көздейтін нормалары бар. Анықтап алуға тұрарлық жай – қысқа уақытқа жалға берілетін жерлер алыста орналасқан маусымдық жайылымдар, ал ұзақ уақытқа берілетіндері шаруа немесе фермер қожалықтарын жүргізу мақсатында табысталатын жерлер.

Биылғы жылдың бірінші қаңтарындағы жағдайға сүйенсек, облыста ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге 9919,6 мың гектар жер шаруаларға табысталса, 6501,3 мың гектар жер резервке қойылған, - дейді Надежда Михейлис.

Оның айтуынша, шабындық пен жайылымдардың елді мекендерден алыстығы, және де шабындықтарды тұрғындарға беру нормасы ел заңнамаларымен қарастырылмаған көрінеді. Бірақ, жайылымдық жерлердің әр мал басына табысталу нормасы белгіленген. Ол еліміздің Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-3/332 бұйрығында анық жазылған. Атап айтсақ, жайылым жерлердің орналасу аймағына байланысты түліктің әр басына қарай берілетін нормасы көрсетілген. 

Мысалыға алсақ, Шығыс Қазақстан облысының құрғақ далалы аймақтарында ірі қара малының әр басына 7,5-14,5 гектар аралығында, ұсақ малдың әр басына 1,5-2,9 гектар аралығында, ал Қамбар ата түлігінің әр басына 9-17,4 гектар аралығында жайылымдар беріледі. Ал шөлейті болып келетін далалы аймақтарда аталған көрсеткіш бөлек. Оған қоса, аталған нормативтік құжатта шөлді және таулы аумақтардағы жайылымдарды табыстау нормасы да анық жазылған.  

Облыстық басқарманың ақпараты бойынша, қазіргі уақытта жайылым алқаптары бойынша Абай, Аягөз, Жарма, Тарбағатай, Үржар аудандары мен Семей қаласына қарасты әкімшілік аумақ жайылымы көп өңірлер саналады. Сондай-ақ, бұл аймақтарда резервке қойылған жайылым жерлер де жетерлік. Бүгінде, шаруашылық түрлері негізінен диқаншылықтан тұратын аудандарда мал жаятын жайылым жерлердің аз екендігі байқалады. Бірақ, бұл аталмыш аумақтардағы шаруаларға жайылым жерлер мүлде жетпей жатыр деуге келмейді. Өйткені, бұл аудандардағы шаруалар төрт түлік санын өсіруден гөрі, дақыл егетін алқаптар аумағын ұлғайтуды жөн көрген. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы