ШҚО-да есірткіні Telegram арқылы сатпақ болғандар ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Полиция қызметкерлері «интернет-дүкенді» жапты, деп хабарлады Алтайньюс. 

Тәртіп сақшылары әуелі синтетиканың ірі партиясын алып келген «курьерді» Семей вокзалында ұстаған.

Оны ұстағаннан кейін біртіндеп «дүкен» директорына, одан кейін клиенттермен байланыс операторы мен есірткіні тасымалдаушыға шықтық. Олар бір-бірін өмірде көрмеген, тек интернет арқылы сөйлескен. Осы жағдай біраз қиындық туғызды, – дейді сақшылар.

Нәтижесінде Семей, Павлодар және Екібастұзда сатуға дайындалған «Альфа PVP» және «Марка» психотроптық заттардың 2 мың бір реттік дозасы табылды. Бұл партияның қара нарықтағы бағасы 15 миллион теңгеден асады.

Қылмыстық топтың 120 млн теңгеден астам ақша қаражатының айналымы болды. Семей қаласында 29 және Павлодар қаласында 18 жасырын отырғызу орны анықталды, - деп хабарлады Семей көлік прокуроры Медет Несіпбек.

Қылмыстық топтың барлық қатысушылары Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 9 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Сотталушылардан сараптама жүргізгені үшін 1,3 млн теңге сомасына процессуалдық шығындар өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы