ШҚО-да есірткі саудасымен айналысқан 8 адам ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысында полицейлер есірткі саудасымен айналысқан 8 адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары есірткі саудасымен айналысқандардың жолын кесті. Белгілі болғандай, есірткінің заңсыз айналымына 8 адам тартылған. Олар алдын ала белгіленген жерлерге есірткіні қойып кетіп отырған.

«Интернет-дүкенді ұйымдастырушы ел аумағынан тыс отырып-ақ бәрін басқарған. Оның нұсқауы бойынша ер адамдар логистикалық компаниялар арқылы жеткізілетін «тауарды» алып, түрлі дозалар бойынша өлшеп салып, кейіннен өңірлерге таратқан. Көбінесе Өскемен және Семей қалаларының жастары арасында сатылды», - делінген ақпаратта.

Жедел іс-шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері 8 азаматты түгелдей ұстады. Олардан алынған синтетикалық заттардың жалпы салмағы – 1 келі 700 грамнан асты. Бұл 5,5 мың дозаға тең.

25-40 жас аралығындағы күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігіне (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы