Кеше 2026, 22:53 Фото: Скриншот

ШҚО-да экологиялық заңнаманы бұзған кәсіпорын 3,7 млн теңге айыппұл арқалады

Сонымен қатар кәсіпорынға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті Алтай қаласындағы «Қазмырыш» ЖШС-нің Шығыс Қазақстан тау-кен байыту кешеніне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру өндірістік қалдықтарды ескі Грехов карьерінің аумағына орналастыру дерегіне байланысты басталған.

Тексеру барысында мамандар сүзгі корпусындағы құбырдың үзілгенін анықтады. Соның салдарынан шлам қалдықтарын қалдық қоймасына штаттық режимде тасымалдау мүмкін болмай қалған. Апаттық жағдайды жою кезінде өндірістік қалдықтардың бір бөлігі рекультивацияланған ескі Грехов карьерінің аумағына орналастырылған.

Экологтардың мәліметінше, бұл жағдай топырақтың ластануына әкеліп, экологиялық заңнама талаптарының бұзылғанын көрсеткен. Атап айтқанда, қалдықтарды арнайы белгіленбеген орындарға төгу және технологиялық режимнің бұзылуы тіркелген.

Тексеру қорытындысы бойынша «Қазмырыш» ЖШС Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 327-1, 337 және 344-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы көлемі 3,7 миллион теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар кәсіпорынға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

Шығыс Қазақстан облысының экология департаменті табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын бақылау және экологиялық құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.