ШҚО-да екі жыл ішінде АӨК саласында 34 жоба жүзеге асырылады – Қарашөкеев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Сапар барысында министр Солнечное кентіндегі "Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы" ЖШС қызметімен танысып, оқу орталығын, 1200 басқа арналған сүт-тауар фермасын, серіктестіктің селекциялық жетістіктер көрмесін, кәсіпорын қызметкерлері үшін салынып жатқан тұрғын үй кешенін аралады.
Сонымен қатар Е.Қарашөкеев "ОХМК" ЖШС-да облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірдің АӨК мәселелері және оларды шешу жолдары талқыланды.
Сондай-ақ аграршылармен сұхбат барысында өңірде көктемгі дала жұмыстары жоспарланған мерзімде сәтті аяқталғаны, сондай-ақ "Кең Дала" бағдарламасы шеңберінде форвардтық сатып алу және жеңілдікпен кредит беру көлемі ұлғайтылғаны аталып өтілді. Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен бірлесіп субсидиялаудың жаңа тетігін әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Е.Қарашөкеев Алтай ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге, қайта өңдеуге, сатуға және сақтауға мамандандырылған "Луч" алдыңғы қатарлы шаруа қожалығына барды.
Алтай ауданындағы өсімдік шаруашылығының үлесіне ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 81% тиесілі. 2022 жылы егіс алқабы 75,4 мың га құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 1,2 мың га артық.
"Шығыс Қазақстан облысында 2022-2024 жылдар кезеңінде АӨК саласында 34 инвестициялық жоба, сондай-ақ оларды іске асыру үшін инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу жоспарланған", - деп атап өтті министр.
Бұдан бөлек, Е.Қарашөкеев ҚР агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға ағымдағы жылы 310 млрд теңгеден астам субсидия қарастырылғанын, оның ішінде өсімдік шаруашылығына – 80 млрд теңге, мал шаруашылығына – 100 млрд теңге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге – 8,4 млрд теңге, қаржы құралдарына – 120,4 млрд теңге бөлінетінін атап өтті.
Жалпы, отандық агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығын сақтау үшін агробизнес субъектілерін қаржыландыруға қосымша 298,1 млрд теңге бөлінгенін, оның ішінде саланы субсидиялауға 139 млрд теңгеден астам қаражат бағытталатынын атап өту қажет.