ШҚО-да дропперлерден 62 млн теңгеден астам ақша өндірілді
ШҚО прокуратурасы дропперлерден қаражат өндіріп алынғаны туралы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы алаяқтарға қылмыстық қаржылық операцияларды жүзеге асыруға көмектесетін жеке тұлғалардың қатысуымен алаяқтық фактілерінің көбеюіне назар аударады.
Бас прокуратура мен Жоғарғы соттың бірлескен жұмысы аясында ҚР Азаматтық кодексінің негізсіз баю туралы 953-бабы негізінде дропперлерден қаражат жинау тетігі әзірленді.
Бүгінгі таңда сотқа 83 жәбірленушіден 160 млн теңгеден астам сомаға талап-арыздар түсіп, оның 52-сі қанағаттандырылып, дропперлерден 62 млн теңгеден астам ақша өндірілді. Қалған істер қаралуда.
Алайда, егер дропперлердің алаяқтыққа қатысы бар деп танылса, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Прокуратура азаматтарға оңай табыс табу туралы ұсыныстардан сақ болуды, жеке деректерді бермеуді және мұндай схемаларға қатысудан бас тартуды ұсынады.
Алаяқтық болған жағдайда, талап қою тәртібі туралы ақпарат алу үшін полицияға немесе прокуратураға хабарласуды ұсынамыз.