ШҚО-да бір күнде 40 өрт сөндірілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО-да бір күнде 40 өрт сөндірілді, деп хабарлайды altaynews.kz.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, бес жағдайда жалынның шығу себебі – халықтың отты абайсыз қолдануынан болған.

Күршім ауданының орталығындағы Абылайхан көшесінде жер үйдің ауласындағы шаруашылық қора-жай өртенді. Тілсіз жау шарпыған жалпы аудан 50 шаршы метрді құраған. Семей қаласындағы Баздырев көшесінде үйдің шатыры, терезе мен есік блогы отқа оранды. Құтқарушылар 40 шаршы метр алаңдағы өртті өшірді, – делінген ақпаратта.

Бұдан бөлек, Көкпекті ауданында жеке тұрғын үйдің ауласындағы қора мен гараж өртенген. Қызыл жалын гараж ішінде тұрған 1976 жылғы «ВАЗ2101» автокөлігін шарпыды. Көк түтіннен 11 бас қой, 9 қозы өлген. Өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау.

Бір күн ішінде облыс аумағында 34 рет шөп жанды. Сол жерлерге шұғыл келіп жеткен департамент қызметкерлері тілсіз жауды сөндірген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы