ШҚО-да азық-түлік бағасы апта сайын бақыланады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасы апта сайын мониторингталып отырмақ.

Бұл туралы Nur Otan партиясының облыстық филиалының жанындағы өңірлік даму бойынша Қоғамдық кеңестің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға байланысты өткізген отырысында белгілі болды. Облыс әкімі Даниал Ахметов аталмыш санаттағы азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға байланысты бақылауды партияның қатаң бақылауға алуын тапсырды.

«Біздің басты міндетіміз аталған тауар түрлерінің бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу болып табылады. Бірінші кезеңде мониторингтік топтар құрылады. Партия мүшелерімен қатар бұл іске біз осы мәселеге қызығушылық білдіруші азаматтардың барлығын жұмылуға шақырамыз. Мониторинг апта сайын жүргізіліп, баға динамикасын бақылап отыратын боламыз. Бүгінгі күні облыстағы сауда нысандарындағы бағаны бақылап отыратын 46 мониторингтік топ құрылды», - деді Nur Otan партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков. 

Жалпы, ел заңнамасына сәйкес әр дүкен өзінің сататын тауарына бағаны өзі қоятыны белгілі. Алайда, әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерін сатушылар оның өнірушіден немесе толайым сауда көзінен сатып алған бағасына 15 пайыздан артық үстеме ақы қосып сатуына болмайды. Баға аталмыш көрсеткіштен жоғары болған жағдайда тұтынушының сөредегі тауар бағасын, дүкенді фотосуретке түсіріп алып, аудан, қала әкімдігіне жүгінуіне болады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы