ШҚО-да ат спортынан республикалық ашық турнир өтіп жатыр
Шығыс Қазақстан облысында Паралимпиадалық және арнайы Олимпиадалық бағдарламалардың спортшылары үшін «Қазақстан Республикасы ат спорты федерациясының кубогына» арналған Ашық Республикалық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жарыс Өскемен қаласының іргесіндегі «Титан» ат спорты клубы мен жабық ат спорты манежінде өтіп жатыр. Оған Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыстарының және Алматы, Астана қалаларының спортшылары қатысуда.
Шығыс Қазақстан облысында өтіп жатқан Паралимпиадалық және арнайы Олимпиадалық бағдарламалардың спортшылары үшін «Қазақстан Республикасы ат спорты федерациясының кубогына» арналған Ашық Республикалық турнирге мүмкіндіктері шектеулі 40-қа жуық шабандоз қатысып жатыр. Жалпы мұндай жарыстар мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігі шексіз екенін көрсетіп, өмірге деген құлшыныстарын арттырады, – дейді бас төреші Руденко Екатерина.
Бұл жолғы сайысқа ҚР Ат спорты федерациясы «Ақ Тай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоры», «Қазмырыш» ЖШС қаржылай қолдау көрсетіп, ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырып жатыр. Жарыс екі күнге жалғаспақ.
Айта кету керек, бұл мүмкіндігі шектеулі шабандоздар үшін Қазақстанда өткізілетін жылдың жалғыз жарысы. Ат спорты сайысы қатысушылардың мүмкіндігіне қарай бірнеше топқа бөлініп өткізіледі. Ал осы жолы облысымызда өтіп жатқан республикалық сайыс спортшыларға алдағы ҚР чемпионаты алдында өз күштерін сынап көруге мүмкіндік беріп отыр.