ШҚО-да әскери қызметтегі егіз ағайындылар сайлауда дауыс берді
Өңірде 600-ден астам сарбаз мәслихат сайлауында өз таңдауларын жасаған.
Өскемендегі №121 сайлау учаскесінде Ұлттық ұланның 600-ден астам мерзімді әскери қызметшісі өз таңдауын жасады. Дауыс бергендердің қатарында егіз ағайынды Виктор мен Михаил Брицкий де бар.
ШҚО өңірлік қолбасшылығының «Шығыс» құрамындағы 5518 әскери бөлім аумағында орналасқан сайлау учаскесінде мерзімді қызметтегі сарбаздар дауыс берді. Алғашқылардың бірі болып 6699 әскери бөлімінде қызмет ететін Виктор мен Михаил Брицкий азаматтық борышын орындады.
Алматы облысының Қарабұлақ ауылынан әскерге шақырылған егіздер бүгінде Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында олар дауыс беруге алғашқылардың бірі болып қатысып, азаматтық белсенділігін көрсетті.
Виктор мен Михаилдің әскери қызметі жақында ғана басталған. Бір айдан астам уақыт бойы олар жас сарбаз курсынан өтіп, әскери дайындық негіздерін меңгерген, жалпыәскери жарғыларды оқып, армия тәртібіне бейімделген. Тек өткен аптада ғана Әскери ант қабылдап, Отан алдындағы борышын адал атқаруға салтанатты түрде уәде берген.
Енді жас сарбаздар Өскемен гарнизоны аумағында орналасқан қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету жөніндегі жауынгерлік міндеттерді атқарады.