ШҚО-да әкімдік жер учаскелерін беру талаптарын сақтамаған
Күршім ауданының кәсіпкері ШҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне шағым түсірген. Ол жер учаскелерін беру бойынша конкурс өткізу тәртібіне наразылық білдірген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне кәсіпкерден өтініш келіп түсті. Ол Күршім ауданының жер қатынастары бөлімі жер учаскелерін беру бойынша конкурс өткізу туралы хабарландыруларды аудандық газетте жарияламайтындығына наразы.
«Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларының» 7-тармағының 3-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар тиісті әкімшілік аумақта таратылатын мерзімді газеттерде конкурс өткізу туралы хабарлама жариялауы қажет.
Мәселен, жергілікті газетте конкурс өткізу туралы хабарландыруды жарияламау салдарынан, құзіретті органдар мүдделі тұлғаларға артықшылық беру түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелі орын алу мүмкін.
Кәсіпкердің өтінішін қарау нәтижесінде Департамент аудан әкіміне кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін бұзуға жол бермеу және бұдан әрі аудандық газетте жер учаскелерін беру туралы хабарландыруды міндетті түрде жариялауды қамтамасыз ету туралы хат жолдады, - делінген хабарламада.