ШҚО-да 7 бизнес нысанға жаппай тәртіпсіздік кезінде материалдық шығын келтірілген

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысында жаппай тәртіпсіздік салдарынан жеті бизнес нысанға материалдық шығын келтірілген. 

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, жаппай тәртіпсіздік салдарынан Өскемен қаласында алты бизнес нысанға материалдық шығын келтірілсе, Семей қаласында осындай жағдайға бір қонақүй душар болған. Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаевтың айтуынша, мүлкі зардап шеккен кәсіпкерлер туралы ақпарат толықтай жасақталып, облыстық әкімдікке берілген.

Өздерінің келісімшарттық міндеттерін бұзбас үшін, сондай-ақ өсімақы бойынша шығынға батып, жосықсыз өнім берушілер тізіміне енбес үшін кәсіпкерлер еріксіз күштер әсерінен өздерінің қауқарсыз болып қалғандығы туралы ақпаратты ресми түрде нақтылайды. Оған қоса, «Атамекен» Ұлттық Палатасы зардап шеккен бизнесті қолдау мақсатында «Күшіміз бірлікте» қорын құрып, оған тоналған және қиратылған нысандарды қалпына келтіруге қаржы бағытталатын болады, – дейді Қайрат Мамырбаев.

Қор қаражаты арнайы комиссия шешімінен соң ғана бағытталады. Кәсіпкерлер палатасы өкілінің айтуынша, бүгінгі күні облыс орталығындағы қоғамдық тәртіпті күзеткен әскери қызметшілерді ыстық тамақпен қамтуға бірнеше қоғамдық тамақтану нысандары кіріскен. Бұдан бөлек, құқық қорғаушыларға наубайханалар нан, ауыл шаруашылығы құрылымдары сүт, айран өнімдерін, сауда орталықтары басқа да жеке бас гигиенасына арналған жабдықтармен қамтамасыз етуде. Семей қаласындағы кәсіпкерлер де игі істен қалыс қалмай, блокбекеттерде тұрған әскерилерге нан, шұжық және сүт өнімдерін таратты.

Естеріңізге салсақ, 5-6 қаңтар күні елімізде орын алған жаппай тәртіпсіздіктер Шығыс Қазақстан өңірін де айналып өтпей, Ұлттық Ұланның жауынгерлері арасында 19 адам жарақат алған болатын. Осы күндері өңірде мыңнан астам адам ұсталып, 66 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы