ШҚО-да 400-ге жуық адамды кене шаққан
24 сәуірдегі жағдай бойынша, облыста 395 адамды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ведомство басшысы Қанат Тұрдиевтің айтуынша, қауіпті жәндіктен зардап шеккендер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 181 жағдайға өскен.
Кене шаққан адамдардың 97 пайызына аурудың алдын алу мақсатында кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин салынды. Қалған 12 адам әртүрлі себептермен вакцина алмаған. Атап айтқанда, вакцинадан өз еркімен бас тартқан немесе бұған дейін екпе алған, ауруханаға кеш келген және т.б, - деп атап өтті Қанат Тұрдиев.
Дегенмен облыс аумағында кене инфекцияларымен ауыру жағдайлары тіркелмегенін айта кеткен жөн.
Қазіргі уақытта эндемиялық аумақтардың медициналық ұйымдарында кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин препаратының қоры жеткілікті, - деді ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.
Сондай-ақ, ол Шығыс Қазақстан облысы бойынша кене энцефалитінің табиғи ошағы – Глубокое, Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Самар, Ұлан, Шемонайха аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларының маңайлары екенін атап өтті.