ШҚО-да 1075 басқа арналған жаңа сүт-тауарлы ферма ашылды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Алтай ауданына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
Полянское ауылында 1075 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жаңа нысан «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС жүзеге асырып жатқан ауқымды инвестициялық жоба аясында салынды. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы саласында 21 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 10,151 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 5,4 млрд теңгеден астамы – кәсіпорынның өз қаражаты.
Құрылыс жұмыстары өткен жылдың сәуір айында басталып, 2025 жылдың қараша айында аяқталды.
Жобаның бас мердігері – «ШығысАгроХолдинг» ЖШС. Қазіргі таңда нысанда заманауи жабдықтар орнатылып, қажетті техника сатып алынған. Сондай-ақ жемшөп базасын дамыту бағытында қарқынды жұмыс жүргізілуде.
Алдағы уақытта ферма жоғары өнімді техникамен толық жабдықталып, голштин тұқымындағы асыл тұқымды ірі қара әкелу көзделіп отыр.
Жоба іске қосылғаннан кейін кәсіпорында жылына 6 мың тоннаға дейін сүт өндіру жоспарланған. Қазіргі уақытта компанияда 82 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен іске асырылуда.