ШҚО-да 10 жаңа мектеп бой көтереді
ШҚО-да алдағы жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп ашылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңірде жаңа оқу орындарын салу үшін шамамен 35 миллиард теңге жұмсалмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде ШҚО энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Саят Тойкенов айтты.
Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4200 орындық 10 мектеп салу жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 34 жарым миллиард теңгеден асады. Келесі жылы 10 мектептің жетеуін ашуды жоспарлап отырмыз. Оларға ұлттық қордан тоғыз миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бірыңғай оператор ретінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ анықталды, – деді Саят Тойкенов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов Белоусовкадағы мектеп құрылысын онлайн режимінде бақылауға болатынын айтқан болатын.
Мердігер Опытное поле ауылында тағы бір мектеп салуға дайын. Қазір «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның негізгі талабы – құрылыста бейнебақылау орнату. Бұл құрылыс процесін нақты уақыт режимінде бақылау үшін қажет, – деді Эльдар Тумашинов.
2025 жылға дейін облыста ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес 20 жаңа мектеп салу жоспарлануда.