ШҚО. Бір баланы мектепка дайындауға қанша қаржы керек?
1 қыркүйек жақындаған сайын ата-аналар балаларын мектепке дайындауды ойлап, бас қатыра бастайды, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Биыл оқушыны мектепке әзірлеу қымбатқа соғып отыр. Жаппай қымбатшылық киім-кешек пен кеңсе тауарларына да әсер еткен.
Кеңсе тауарларының бағасын білу үшін Өскеменнің қақ ортасындағы «8/1» аталатын толайым сауда үйіне бас сұқтық. Адам қарасы әдеттегіден көп екен. Біраз тұрғындар қазірден балаларын мектепке дайындай бастаған сыңайлы.
Өкінішке қарай, барлық дерлік заттың бағасы өскен. Мәселен, жай дәптердің бағасы 40 теңгеден, қаламсап 70-80 теңгеден, фломастерлер жиынтығы 1750-1800 теңгеден, ермексаз 1200 теңгеден, күнделік 700-800 теңгеден, қағаз желімі 190 теңгеден, акварель бояулары 750 теңгеден, қаламсалғыш 2000-2500 теңгеден, сурет альбомы 300-400 теңгеден басталады. Әрине, бұл – ең арзандары. Ал портфельдің ең арзаны 6500-7500 теңге тұрады. Сатушылардың айтуынша, тауарлардың бағасы былтырғыдан кем дегенде 50 пайызға қымбаттаған. Айталық, қарапайым дәптерлер былтыр 20-25 теңгеден сатылған екен.
Иә, тауарлардың бағасы былтырғыдан біршама жоғары. Халық наразылығын бізге айтады. Бірақ, өзіміз осындай қымбат бағада алып отырмыз. Тауарларды Алматыдан, сосын біразын Ресейден жеткізіп жатырмыз, жол шығыны бар дегендей. Қосатын үстемақымыз азғантай ғана, 10 пайызға да жетпейді, – дейді сатушы Данагүл Қайыргелдина.
Одан әрі киім-кешек сататын дүкенге бардық. «Калинка» – Өскемендегі бағалары қолжетімді деген дүкендердің бірі. Мысалы, аталған сауда орнында қыз баланы 1-ші сыныпқа дайындау үшін шамамен 40 мың теңге қаржыңыз кетеді екен. Бұл – киім ғана. Атап айтсақ, белдемше 3000 теңгеден, жейде 5000 теңгеден, туфли 6000 теңгеден, кеудеше 6000 теңгеден, жемпір 7000 теңгеден, колготкалар 2000 теңгеден тұр. Спорттық костюмнің ең арзаны 10 мың теңге, кроссовки 7500 теңгеден. Ұлдың шалбары 4500-5000 теңгеге, жейде 7000 теңгеге сатылуда, туфлидің құны сапасына қарай, тәуірін алғыңыз келсе, 9000 теңгенің шамасында шығады. Бұған сырт киімді қосыңыз, күздік күртешелер 10 мың теңгеден саудаланып жатыр.
Бағалар удай, бір баланы толық дайындау үшін 65000-70000 теңге кетеді. Жарайды, менің екі-ақ балам бар. Ата-әжелерінің көмегімен керектінің бәрін алып, мектепке дайындап жатырмыз. Елден кем болмасын деп тырысамыз ғой, әрине. Ал көпбалалы отбасыларға өте қиын соғайын деп тұр, – дейді өскемендік тұрғын Дина Шәкерова.
Білім басқармасынан алдыртқан ақпаратқа сүйенсек, мұқтаж отбасылардың оқушыларын мектеп формасымен және аяқ киіммен қамтуға 670 миллион теңге бөлініп отыр екен. 1-ші тамызда басталған «Мектепке жол» акциясы 30 қыркүйекке дейін жүреді. Оның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға мектепке қажет заттар әперу. Акцияны өткізуге кәсіпкерлер мен қалталы жомарт жандар атсалыспақ.
Сонымен қатар, мектеп құралдары төмен бағамен сатылатын жәрмеңкелер жоспарланып отыр.
Жалпы, 1 қыркүйекте облыстағы 342 мектепте 95 мыңнан астам оқушы барады. Оның 21 мыңнан астамына қолдау көрсетілмек. Ол үшін облыстық бюджеттен 1,9 миллиард теңге бөлініп отыр.