ШҚО әкімі Үйдене су қоймасына барды

Шығыстағы "Үйдене" бөгені жөнделсе, суармалы алқаптарды ұлғайтуға мүмкіндік туады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Зайсан ауданына жұмыс сапарымен беталған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев бірден Үйдене су қоймасына барды, деп жазды Altaynews.

Бұл гидротехникалық құрылыс 1966 жылы пайдалануға берілген. Содан бері жер суаруға қолданылып келеді.

Су қоймасын шұғыл жөндеу қажет. Аудан фермерлері тамшылатып суару әдісін кең қолдануды ұсынып отыр. Өйткені Зайсан жері тастақты, мұнда егіншілікпен айналысу оңай шаруа емес.

Облыс әкімі қазір су қоймасын реконструкциялауға арналған жобалау-сметалық құжаттамаға түзету жүргізіліп жатқанын айтты. Осыдан кейін ақша республикалық бюджеттен бөлінетін болады.

«Үйдене" ғана емес, Тарбағатай ауданындағы "Қандысу" бөгеніне де барып көруді жоспарлап отырмыз. Екі нысандағы мәселе ұқсас. Мұны шешу үшін бейінді министрліктермен де жұмыс істейміз, – деді Ермек Көшербаев.

Қазір су қоймасы толық қуатпен жұмыс істемейді. Алайда, мамандардың айтуынша, жөндеуден кейін суару жүйесі тұтас іске қосылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы