ШҚО адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық жүйесі зерделенді
Шығыс Қазақстан облысында «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында оқыту семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
11 маусымда Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің және Ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі Винрок халықаралық институтының Қазақстандағы филиалының қатысуымен мемлекеттік қызметшілерге, ҮЕҰ өкілдеріне және Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығына арнап «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында оқыту семинар-тренингін өткізді.
Семинар-тренингке Шығыс Қазақстан облысының жергілікті құқық қорғау және сот органдарының, халықты әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ адвокатура институтының, азаматтық қоғам және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Семинар-тренинг тыңдаушыларының алдында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Аппарат басшысы Ербол Нұрғалиев, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар Офисінің адами өлшем мәселелері жөніндегі бағдарламалық маманы Күнсұлу Демеуова, Winrock International ұйымының «Орталық Азиядағы қауіпсіз көші-қон жөніндегі жобасының» елдік үйлестірушісі Арна Майкетова сөз сөйледі.
Семинар-тренингте Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық жүйесі зерделенді. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелердің сот және құқық қорғау органдарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл тетіктері қаралды.
Семинарда Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын өзге де адамдардың азаматтық, еңбек, әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері қаралды. Тыңдаушылар азаматтардың өз құқықтарын сотта және соттан тыс қорғауға, азаптаулардан және қатыгездік пен жазаның басқа түрлерінен, кемсітушіліктен, білікті заң көмегін алуға конституциялық құқықтарын іске асыру тетіктерімен танысты.
Тыңдаушылар сондай-ақ азаматтар мен өзге де адамдардың ақпарат алуға, білім алуға, әлеуметтік қызмет көрсетуге, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға конституциялық құқықтарын іске асыру тетіктерімен, сондай-ақ қоғамдағы ықтимал еңбек және әлеуметтік жанжалдардың алдын алу және шешу тетіктерімен танысты.
Бұдан басқа, семинарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы адам құқықтарын, сондай-ақ әйелдер мен балалардың, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері талқыланды.
Комиссия мүшелері Т.Әбішев, С.Жаркенова, З.Байсақова және Ш.Хасанова тыңдаушыларға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттері туралы нақты мысалдармен айтып берді.
Мәселен, Комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев өз сөзінде жергілікті халықтың адам құқықтары мен бостандықтары, адам құқықтарын қорғаудың сот және соттан тыс тетіктері, Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке шағымдары мен хабарламаларын қараудағы БҰҰ-ның шарттық органдары қызметтерінің негізгі қағидаттары туралы хабардар болу деңгейін арттыру, сондай-ақ қоғамның барлық топтарының құқықтық мәдениет деңгейін арттыру үшін Қазақстан өңірлерінде адам құқықтары жөніндегі оқыту семинар-тренингтерінің маңыздылығын атап өтті.
Бұдан әрі Комиссия төрағасының орынбасары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңның үстемдігіне және қазақстандық қоғамда құқықтық мәдениетті орнатуға, Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері аясында әркімнің конституциялық құқықтарын сақтауға маңызды мән беретінін ерекше атап өтті.
Семинар-тренинг барысында тыңдаушылар Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары саласындағы шарттық органдарының бақылау функцияларымен, БҰҰ құрған бақылау органдарының құзыретімен танысты, БҰҰ тиісті комитеттерінде азаматтардың жеке шағымдарын қарау тетіктерін талқылады.
Семинар-тренинг барысында қатысушылар адам құқықтарын қорғау және көтермелеу саласында тәжірибе алмасты. Комиссия мүшелері тыңдаушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Мәлімет ретінде: Адам құқықтары жөніндегі комиссия адам құқықтары туралы оқыту семинар тренингін 12-ші маусымда Глубокое ауданында, 13-ші маусымда Ұлан ауданында өткізетін болады.