Танымал актер Досхан Жолжақсынов пен Алик Шпекбаев жаңа қызметке сайланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Дүниежүзілік "Қазақ күресі" федерациясының жаңа басшылары сайланды.
Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзілік "Қазақ күресі" федерациясының халықаралық конгресі өтіп жатыр. Әлемнің 27 елінен келген федерация өкілдері жиынында жаңа басшылық сайланды.
Осыған дейін федерацияның президенті болған Ислам Әбішев пен вице-президент қызметін атқарған Серік Төкеевтер күдікті ретінде қамауға алынып, соты өтіп жатқаны белгілі.
Конгресс мүшелерінің дауыс беруінің нәтижесі бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев алдағы бес жылға сайланды. Оның орынбасары, яғни бірінші вице-президенті ретінде Бәделхан Камалханұлы кандидатурасы бірауыздан мақұлданды. Сондай-ақ, көпшіліктің қолдауымен Грекиядан келген Пекос Феодорос пен қытайлық Соң Жиаңлиң де вице-президент қызметін атқармақ.
Ал Қазақстанның халық әртісі, актер, режиссер Досхан Жолжақсынов Дүниежүзілік "Қазақ күресі" федерациясының "Құрметті президенті" болып сайланды.
Сіздердің менің кандидатурамды қолдауларыңыз, мен үшін үлкен жауапкершілік. Біз федерациямызды одан әрі дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын. Алдымызда көп міндет тұр. Біз алдағы 5 жылға, атап айтсақ 2020-2025 жылдарға стратегияны анықтаймыз, осы бағытты барынша дамытамыз, - дейді Алик Шпекбаев.
Айта кетейік, 20-21 желтоқсан күндері елордада қазақ күресінен VIII әлем біріншілігі өтеді. Жарысқа 40 мемлекеттен 300-ге жуық балуан келді. Олар "Дәулет" спорт кешенінде12 салмақ (ерлер алты, әйелдер алты салмақ) дәрежесінде жүлделерді сарапқа салады.
Еске сала кетейік, Қазақстанда қазақ күресінен екі бірдей халықаралық федерация бар. Біреуі осы Дүниежүзілік "Қазақ күресі" федерациясы болса, екіншісі Халықаралық қазақ күресі федерациясы. Оны кеше президенттің көмекшісі болып тағайындалған Қанат Бозымбаев басқарады.