Шпекбаев ауылдағы сервисті тексерді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысына жұмыс сапарының екінші күнін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Алик Шпекбаев Қарғалы ауданы Қосестек ауылдық округінің «Сервистік әкімдігінің» қызметін тексеруден бастады.
«Сервистік» нысандағы технологияларды пайдалану тәжірибесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың барлық талаптарына жауап береді.
Өйткені мұндай жұмыс үлгісі жемқорлық тәуекелдерін жояды және күнделікті жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұдан былай осы тәжірибенің үлгісінде ауылдардағы барлық әкімдіктер қызмет көрсетудің сервистік үлгісіне көшеді. Олардың басты өлшемшарты – жұмыстың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау. Сонымен қатар, барлық мектептердің директорлары өз кабинеттерін 1-қабатқа ауыстырды, ал денсаулық сақтау нысандарының жартысы азаматтарды қабылдау үшін «Open Space» кабинеттерін ашты.
Мен азаматтардың жайлылығы үшін барлық жаңашылдықтар шын мәнінде тиісті деңгейде жұмыс істейтініне көз жеткізу үшін өңірлер мен ауылдық округтерді өзім аралаймын.
Бұдан басқа, жергілікті жерлердегі биліктің жауапкершілігі мен парасаттылық деңгейін арттыруға ауыл әкімдерін сайлаудың жаңа тәжірибесі ықпал ететін болады. Себебі сайлаушылардың сенімін ақтауға деген ұмтылыс олар үшін басты ынталандыру болмақ, - деді А. Шпекбаев.
Бұдан әрі бизнес саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалу деңгейін анықтау мақсатында ол жел энергетикасы секторындағы «Eni» халықаралық компаниясының ең ірі инвестициясы салынған «Arm wind» ЖШС жел электр станциясына барды. Жобаға салынған инвестициялар көлемі шамамен 100 миллион АҚШ долларын құрайды. Бірегей нысанның қуаттылығы – 48 МВт, өңірді жыл сайын 198 ГВт/ сағ көлемінде электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл көлем 20 мың тұрғыны бар шағын қала үшін жеткілікті. Бұдан басқа, ЖЭС атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындыларының көлемін жылына 172 мың тоннаға қысқартады.
Қазіргі уақытта отандық бизнесті қолдау және қорғауды қамтамасыз ету – елдің экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты кәсіпкерлер үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау қажет. Бұл ретте, «Protecting Business and Investments» жобасы аясында Агенттік осы жел электр станциясын қамқорлығына алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуін іске асыратын болады.
Сонымен қатар, А. Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелденетін нысан – «Ақтөбе» ӘКК» АҚ аралады. Кәсіпорын Ақтөбе облысындағы экономикалық белсенділікті ынталандырады, оның ішінде инвестициялар тарту да бар. Бүгінгі таңда жобалар қоржынында жалпы сомасы 124,4 млрд теңгеге 88 жоба бар. Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы келісімге жалпы сомасы 4,2 трлн теңге болатын 40 шетелдік және жергілікті инвестор қол қойды. Жыл басынан қол қойылған мұндай келісімдер саны – 10, ал сомасы – 28,1 млрд теңге.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы бизнесті қорғау жобасы аясында Агенттіктің тағы бір жобасы – «Экоферма» ЖШС құлпынай өсіретін жылыжайына табан тіреді. Оның технологиялары сәуірден мамырға дейін егін жинауға мүмкіндік береді. Биылғы жылдың 11 айында мұнда 20 тоннадан астам құлпынай өсірілді.