7 Қазан 2026, 12:05 Фото: gov.kz

Шотына шектеу қойылған адам қалай өмір сүреді? – Депутат халық үшін маңызды ұсыныс айтты

Құрылтай депутаты Алмас Мухаметов азаматтардың банк шоттарына шектеу қойылған жағдайда өмір сүруге қажетті ең аз қаражатты сақтап қалу тетігін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат бұл мәселені Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке жолдаған депутаттық сауалында көтерді.

Алмас Мухаметовтің айтуынша, азаматтардың банк шоттарына қойылатын шектеу бүгінде өзекті мәселелердің бірі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегіне сәйкес, 90 күннен астам төленбеген проблемалық кредиттердің көлемі 1,8 трлн теңгеге жеткен. Ал Әділет министрлігінің мәліметінше, атқарушылық іс жүргізу аясында 1,5 млн-нан астам адамның банк шотына тыйым салынған.

Әрине, азамат алған қарызын қайтаруы керек. Бірақ қазір төлемнің көбі цифрлық түрде жасалатынын ескерсек, шотына шектеу қойылған адам бұдан кейін қалай өмір сүреді? Жол ақысын, байланыс, су, жарық, жылу ақысын қалай төлейді? Азық-түлік, дәрі-дәрмекті қалай сатып алады? – деді депутат.

Оның пікірінше, адамның барлық табысына қол жеткізу мүмкіндігін шектеу оның еңбек етуге деген ынтасына кері әсер етуі мүмкін.

Тапқан табысы қолына тимейтін адамның еңбекке ынтасы жоғалады. Қарызды тұрақты табысы бар азамат қана өтей алады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін айдай анық ақиқат, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанның «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңында борышкердің шотындағы кірістің кемінде 50 пайызы және өмір сүруге қажетті ең аз қаражат сақталуы тиіс деген талап бар. Алайда бұл норма іс жүзінде толық көлемде орындала бермейді.

Іс жүзінде шотқа шектеу қойылғанда адамның өзіне қалуы тиіс ақшаны пайдалану мүмкіндігі де шектеледі, – деді Алмас Мухаметов.

Осыған байланысты депутат заңдағы талаптарды банктер мен микроқаржы ұйымдарының шарттарында да нақты көрсетуді ұсынды.

Атап айтқанда:

– борышкердің өмір сүруіне қажетті ең аз ақшаның сақталуын несие шартында міндетті түрде көрсету;

– осы тәртіпті банктердің ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде іске асыру мүмкіндігін қарастыру;

– банк шотына шектеу қойылған кезде адамның негізгі қажеттіліктеріне жұмсай алатын қаражатын пайдалану тәртібін нақты белгілеу.

Қарыз қайтарылуы керек. Бірақ қарыз үшін адамды қалыпты өмір сүру мүмкіндігінен толық айыруға болмайды. Біздің ұсынысымыз азаматты қарыздан босатуға емес, қарыз өндірілген кезде оның өміріне керек ең аз ақшасын сақтауға бағытталған, – деді депутат.