Шортанды ауданының 15 мыңнан астам тұрғыны сапалы ауызсумен қамтылды
Сумен жабдықтау инфрақұрылымын жақсартудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Шортанды ауданының алты елді мекенінде сумен жабдықтау желілерін салу және жаңғырту жұмыстары жүргілізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жобалар Егемен, Гуляй поле, Бозайғыр, Ключи, Жолымбет және Шортанды елді мекендерін қамтиды.
Ауызсудың сапасы азаматтарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Сондықтан біз Шортанды ауданының тұрғындарын жайлы және қауіпсіз өмір сүру үшін қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге бар күшімізді саламыз. Жұмыстарды іске асыру барысында су құбырын орнату, ұңғымаларды бұрғылау, су мұнарасын, сондай-ақ құдықтарды монтаждау, таза су резервуарларын бетондау бойынша жұмыстар атқарылды. Бұл жобалар біздің ауданда өмір сүру сапасын жақсарту жолындағы маңызды қадам, - деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары А. Махфуз.
Сонымен қатар, бағдарлама аясында су сапасын үнемі тексеріп отыру және халықты су үнемдеу негіздеріне ақпараттандыру көзделген.
Жобаны іске асыру өңірдің экологиялық жағдайына айтарлықтай оң әсер етеді және жергілікті инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді деп күтілуде.