2 Қыркүйек 2026, 23:55 Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Шорт-трекші Абзал Әжіғалиев спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеді

Абзал Әжіғалиев Олимпиада ойындарындағы жолын 2014 жылы Сочиде бастады.

Қазақстандық шорт-трекші, төрт Олимпиада ойындарының қатысушысы Абзал Әжіғалиев кәсіби спорттағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Бұл туралы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Әжіғалиев шорт-трекпен 24 жыл бұрын айналыса бастағанын, ал 2009 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғағанын атап өтті. Осы жылдар ішінде ол Қазақстан чемпионы атанып, Әлем кубогында ел тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды және халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдеге ие болды.

«Биыл кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Кез келген спортшының жолында жаңа белеске қадам басар сәті келеді. Мен үшін дәл сондай кезең басталды. Осы жылдардың әр сәтіне ризамын», – деп жазды ол.

Абзал Әжіғалиев Олимпиада ойындарындағы жолын 2014 жылы Сочиде бастады. Кейін 2018 және 2022 жылғы Олимпиадаларда өнер көрсетті. Бейжіңдегі 2022 жылғы додада ол 500 метр қашықтықта төртінші орын алып, жүлдеге бір қадам жетпей қалды.

Спортшы Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері. 2025 жылғы Азия ойындарында ерлер эстафетасында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ 2016 жылы Әлем кубогының кезеңінде 500 метр қашықтықта топ жарды.

Әжіғалиев 2018 және 2022 жылдардағы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан Туын алып шықты.

Спортшы мансабын аяқтағаннан кейін де Қазақстан шорт-трегінің дамуына үлес қосуды жоспарлап отыр.

«Алдағы мақсатым – осы жылдар бойы жинаған тәжірибем мен білімімді Қазақстан спортының дамуына арнау. Ұлттық құраманың жанынан табылып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беріп, Қазақстан шорт-трегінің болашағы үшін еңбек етуді өзімнің азаматтық әрі спорт алдындағы парызым деп білемін. Менің спорттағы миссиям аяқталған жоқ. Тек енді ол жаңа деңгейде жалғасады», – деді Абзал Әжіғалиев.