Шоқан музейі күрделі жөндеуден өтеді
Күреңбел өңіріндегі Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейі жаңарып, Шоқан ескерткіші мен кесенесіне күрделі жөндеу мен реставрация жүргізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің Жетісу облысына келген сапарында берген тапсырмасының бірі ретінде бұл мәселеге ерекше назар аударылып отыр. Құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 338 млн теңге қарастырылған. Кербұлақ ауданына барған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев осы нысандардағы жөндеу жұмыстарының қалай жүргізілетіні жөнінде мердігер мекеме өкілдерімен талқылады.
Кербұлақ ауданында алдымен Шоқан жерленген жерге тоқтап, ғалымның рухына Құран бағыштаған облыс басшысы осы орынның маңайын, қоршауын ретке келтіру мен музейдің жөнделу жайы, ескерткіш реставрациясының қалай жүргізілетіні туралы «Қазреставрация» РМК мамандармен егжей-тегжейлі талқылады. Ағартушы ғалымның мүсінін реставрациялауда бұрынғы қалпы сақталатын болады және ескерткіш темір ілгектермен мықты етіп отырғызылады. Тас мүсіннің маңайы да жаңғыртылады. Осы орайда облыс басшысы ескерткіш айналасына бұрыннан төселген, әлі күнге сыны кетпеген қымбат әрі төзімді материалдарды бұзғаннан гөрі, солардың өзін тазалап, өңдеп ретке келтіру жағын да қарастыру керектігін ескертті.
Музейдің ішін де заман талабына сай жаңғырту қажет. Осы орайда сенсорлы лед экран қою мүмкіндігі қарастырылып, картиналарды тақырыптық үйлесімде ретке келтіру, жәдігерлерді сақтаудың барлық қажеттіліктерін қамту да ойластырылады. Қазір музейдің шағын кинозалы мәжіліс өткізілетін орын ретінде пайдаланылып отыр. Облыс басшысы бұл залды әрі кинозал, әрі мәжіліс залы ретінде қатар қолдана алатындай етіп жасақтау қажеттігін айтты. Өйткені туристерге Шоқанның өмірі мен еңбегі туралы бейнефильмдер көрсетудің де маңызы зор. Бейбіт Исабаев әсіресе музейдің жылу жүйесін ретке келтіруге баса назар аударуды тапсырды. Музей директорының айтуынша, нысан ішінде қыста температура +12 градустан аспайды.
Шоқан музейі – әрі тарихи мұрамыз, әрі туристік жағынан тартымды нысан. Жөндеу жұмыстары жүргізілетін болғандықтан, бұл кешенді жан-жақты жаңғыртуға күш салуымыз керек. Қыста музейдің ішінде тұрақты температура болуы керек, онсыз жәдігерлерді сақтау қиын. Сондықтан жылуды еден арқылы жіберудің мүмкіндігі қалай болады, сол жағына бірлесіп, қарастырып көрейік, - деді Исабаев.
Тағы бір атап өтерлігі, Шанханай ауылы арқылы Ш.Уәлиханов кесенесіне дейінгі жолды орташа жөндеуге осы жылы бюджеттен 278 млн 674 мың теңге қаражат бөлініп, мердігер «Жетісужол құрылыс» ЖШС жөндеу жұмыстарын биылғы 15 сәуірде бастап кеткен.
Бұдан соң Сарыөзектегі «Эля» сауда орталығына барған Бейбіт Исабаев мұндағы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы мен саудалану жайын сұрап білді. Сауда үйінің басшысы, жеке кәсіпкер К.Әмірееваның айтуынша, әлеуметтік маңызды азық-түлікке арналған сөрелерде Бақанастың күріші, Көксу зауытының қанты, Алматы өңірінің кеспе өнімдері сияқты маңызды тауарлар нарықтағы орташа бағадан төмен бағада саудаланып отыр. Оған дүкенді аралау барысында көз жеткізілді. Сауда нысаны «Жетісу» ӘКК-мен бірге әлеуметтік азық-түлік тауарларын қосымша қолдау жұмыстарын жүргізіп отыр.
Облыс басшысына ауданда қолға алынып отырған инвестиялық жобалар таныстырылды. Белгілі болғандай, Көктал өзенінде ГЭС-1.1 су электр станциясы салынуда. Сол сияқты Көксай мыс кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы жобасы іске асырылып жатыр. Оған қоса Арқарлы кен орнында доре алтын-күміс қорытпасын шығаратын алтын байыту фабрикасын салу жоспарланған. Бұл инвестициялық жобалар аудан экономикасын нығайтуға ауқымды үлесін қосатын болады. Бейбіт Исабаев "Шоғырландырылған тау-кен құрылыс компаниясы" ЖШС бас директоры Кенжетай Манғұловпен пікірлесіп, жобаның аяқ-алысы жайлы әңгімелесті. Бас директордың айтуынша, компания өз тауарларын сақтайтын қоймаларының құрылысын жүргізіп жатыр. Оның жалпы құны 3,6 млрд теңге. Қойма құрылысын жүргізу кезінде 120 адам жұмысқа тартылса, кейін іске қосылғанда 80 адам тұрақты жұмысқа қабылданады. Сондай-ақ компания биыл күзде инфрақұрылымдардың құрылысын да бастағалы отыр. Директор кен байыту комбинаты жобасының құны 976 млрд теңге екенін атап өтті. Өндіріс 2026 жылы толық іске қосылып, жылына 50 млн тонн кен өңдейтін болады. Жалпы саны 1 300 адамды жұмыспен қамтиды деп жоспарланған.
Бейбіт Исабаев компания басшылығына комбинаттың өз тарапынан рекультивация мәселесін шешуді қарастыруды, сол сияқты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне назар аударып, Көксайдағы ескі мектептің құрылысына жәрдемдеу жағын ойласуды сұрады. Бұл мәселелерді алдағы уақытта жергілікті әкімдік пен инвестор бірге тақылайтын болады.
Сарыөзекте «Айсұлу» ЖШС-ның «Жетісу» тігін фабрикасы филиалының жұмысы да табысты жүріп жатыр. Жеке кәсіпкер Жарылқасын Болатұлының Талдықорған қаласындағы тігін фабрикасының филиалы ретінде ашқан нысанында қазір 25 адам еңбек етуде. Тапсырыс негізінен Талдықорған қаласында қабылданады. Алдағы уақытта жұмысшылар санын көбейтіп, тапсырыс көлемін арттыру жоспарлануда. Бұл нысанға да атбасын тіреген облыс басшысы тігіншілермен тілдесіп, жұмыстарына табыс тіледі.
Осы арада аудандағы шағын және орта бизнесті дамыту, «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да таныстырылды. Атап өтсек, Қарашоқы, Басши ауылдық округтерінің тұрғындары жобаға қатысуға белсенділік танытуда. Оларда мал шаруашылығы, шаштараз, автокөлікке қызмет көрсету, тігін цехы сияқты көптеген бағыттармен қатар, әсіресе агротуризмге басымдық беріліп отыр. Мәселен, аталған барлық бағыттарда Басши ауылдық округінде 47 қарыз алушы 262,8 млн теңгеге, Қарашоқы ауылдық округінде 69 адам 293,2 млн теңгеге өтініш берген. Бейбіт Исабаев ауылдықтардың жеке кәсібін ашудағы жобаның мүмкіндігін халық арасында кеңінен түсіндіруді тапсырды.
Ауданда тұрғын үй құрылысының да қарқыны жаман емес. Биыл салынып біткен 60 пәтерлік екі үй кезектегі азаматтарға беріледі. Бұл үйлердің әрқайсысының жалпы ауданы 4700 шаршы метрден асады. Сондай-ақ Жоламан және Қарашоқы ауылдарының мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жасалуда. Сарыөзек ауылындағы орталық стадионның құрылысы жүріп жатыр. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуіне ерекше мән беруді қатаң тапсырды.
Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданына жасаған жұмыс сапары барысында азаматтарды жеке қабылдап, мәдениет үйінде халықпен кездесу өткізді.