Шопандар үшін тың мүмкіндіктер: Тегін оқу, тұрғын үй және ерте зейнет
Үкімет алдағы 2026–2030 жылдарға арналған «Мал шаруашылығын қолдау және дамыту» бағдарламасын әзірлеуде. Онда бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылып отыр. Осы тұрғыда BAQ.KZ тілшісі Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннен жоба туралы сұрады.
Бағдарлама ауыл шаруашылығының дамуындағы маңызды факторларды қамтиды. Соның ішінде шопандар үшін ерте зейнет жасын төмендету, сондай-ақ олардың балаларына ауыл шаруашылығы бағытындағы жоғары оқу орындарында тегін оқуға арнайы квота бөлу мәселелері бар.
Бағдарлама қашан жүзеге асырылады?
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бастамалар әзірге ұсыныс деңгейінде екенін атап өтті. Бағдарлама қабылданғаннан кейін ғана нақты мерзімдер бекітіледі. Дегенмен, министрлік 2026 жылдан бастап құжат толық күшіне енуі тиіс деп болжап отыр.
Қазіргі уақытта ұсыныстар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе пысықталуда. Ведомство өкілдерінің айтуынша, малшылардың жыл бойы қыстақ пен жайлауда еңбек ететіні, бұл жұмыс елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей ықпал ететіні ерекше ескерілген.
Қандай жеңілдіктер қарастырылуда?
Алдын ала ұсыныстарға сәйкес, шопандардың балаларына ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарына түсу үшін арнайы квота беру ұсынылды. Министрліктің ойынша, бұл шара ауылға кәсіби мамандарды қайтаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шопандардың зейнет жасын қысқарту мәселесі қарастырылуда. Және ауылдық жерлерде мемлекеттік есебінен салынып жатқан тұрғын үйлерге қолжетімділік беру, үй кезегін жылжыту сияқты әлеуметтік қолдау түрлері талқылануда.
Жеңілдіктер кімдерге беріледі?
Министрлік нақтылап өткендей, әлеуметтік пакеттер тек ресми түрде тіркелген, тұрақты малшы немесе қойшы ретінде жұмыс істейтіндерге ғана қарастырылмақ. Ал өзгенің малын жалданып бағып жүрген, яғни құжатсыз жұмыс істейтіндер бұл санатқа кірмейді.
«Жоқ, ондайлар кірмейді. Біз айтып отырғанымыз- егер ол тұрақты малшы, қойшы болса, ресми жұмыс істесе ғана жеңілдіктер қарастырылады»,- дейді ведомство өкілдері.