Шомылу маусымы. Үш адам суға кетті
Ертіс өңірінде жыл басынан бері үш адам суға кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір облыс аумағында 47 шомылу орны жұмыс істеп тұр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс департаментінің бастығы Қыдыржан Наскеновтің айтуынша, коммуналдық жағажайларда адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 122 млн теңге бөлінбек.
Бүгінгі таңда акваторияның түбін зерттеу мен құтқарушыларды оқыту шаралары жалғасын тауып жатыр. Ертіс өзені арнасына енбегендіктен, шомылу орындарының барлығын бір мезетте зерттеу мүмкін болмай тұр. Профилактикалық шараларды жүргізу тұрақты сипатқа ие болмақ. Жаз мезгілінде «Балалық шақ» қауіпсіздік мектебі жұмысын тұрақты жүргізеді. Судағы қауіпсіздік ережелері мен жүзуге оқыту жұмыстары ересектер мен балаларға арналған. Ал мектептерде 122 каркасты-модульді бассейн бар. Жыл басынан бері бес мыңнан астам бала жүзуге үйренді, - дейді Қыдыржан Наскенов.
Өкінішке қарай, ыстық күндері тұрғындар шомылуға болмайтын орындарға бара береді. Облыс аумағында 177 қауіпті орын бар. Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Осы күнге дейін 9 әкімшілік хаттама толтырылып, заң бұзғандардың әрқайсысына 25 844 теңгенің айыппұлы салынды.
Өткен шомылу маусымында алты адам көз жұмды. Олардың үшеуі балалар болып шықты. Ал осы жыл басынан бері суға батқандардың барлығы шомылуға болмайтын жерде демалған. Құтқарушылар алдын алу шараларын үздіксіз жүргізетін болады, - дейді мамандар.