Шомылу маусымы. Бес адам суға кетті
Павлодар облысында шомылу маусымы басталғалы бес адам суға кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Қайрат Шаймарденовтың хабарлауынша, суға батып кеткендердің екеуі – бала. Баянауыл ауданы Торайғыр ауылының екі жеткіншегі түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз Торайғыр көліне шомылуға барған. Қалған жағдайлар бойынша сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Кейін қайғылы оқиғаның нақты себебі анықталады.
Судағы қайғылы оқиғаларды алдын алу мақсатында осы күнге дейін бес мыңға жуық рейдтік шара өткізілді. Су айдындарында демалып жүрген азаматтарға қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, жаднамалар таратылды. Шаралар барысында 35 әкімшілік хаттама толтырылып, заң бұзғандарға 450 мың теңгенің айыппұлы салынды. Сонымен қатар суды пайдалану ережелерін бұзу бойынша 130-дан астам ескерту жасалды. Ал қоғамдық орындарда ішімдік ішу фактісі бойынша 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шомылуға қауіпті жерлерде 200-ге жуық тыйым салу белгісі орнатылды. Шомылу орындарында халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 70 қоғамдық құтқарушы оқытылды, - дейді Қайрат Шаймарденов.
Айта кетейік, осы күнге дейін 32 жағажай тексерілді. Қазір тағы 15 шомылу орны тексеруден өткен жоқ, себебі, Ертіске су босату жалғасып жатыр. Бүгінде өзеннің су деңгейі жазғы кезеңдегі орташа деңгейден жоғары. Сондықтан тексеру шараларын жүргізу мүмкін емес. Халық арасында судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру мақсатында «Жас құтқарушы» жазғы мектебі жұмысын жалғастыруда. Мектеп оқушылары жүзуді үйреніп қана қоймай, зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын меңгереді.