Шолу: Экс-президент, шетелге кеткен қаржы мен мемқызметтің цифрлануы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге заңсыз шығарылған қаражаттың елге қайтарылуы керек екенін айтып, қаржыны қайтару бойынша комиссия құруды тапсырғанды еді. Үкімет заң саласында қандай жобалар іске асырды? Заңға қандай өзгерістер енгізілді? Мемлекеттік жұмысты қағазбастылықтан арылту жұмыстары қалай жүруде? BAQ.KZ тілшісі осы және өзге де сауалдарға шолу жасап көрді.
Елбасы туралы заң
Биыл жылдың басында Елбасы туралы заң ресми түрде күшін жойды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Заңға қол қойды.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Конституциялық заңның мәтіні баспасөзде жарияланды, - делінген хабарламада.
БАҚ өкілдері мәжіліс кулуарында «Елбасы туралы заң күшін жойса ол қандай құқықтарынан айырылады?» деген сұраққа жауап алды. Ол заң күші жойылғаннан кейін Тұңғыш президенттің отбасының шоттары мен мүліктеріне деген кепілдіктер күшін жойылатынын атап өтті.
Министр егер экс-президент мемлекетке опасыздық жасаса оған тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, арнайы заңмен қаралатынын атап өткен еді. Дегенмен, Есқараевтың экс-президенттің тиіспеушілік, қорғау кепілдігі баяғыша сақталатынын тілге тиек етті.
Тұңғыш президент мәртебесіне, ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұқпау тетіктері өзгермейді. Мұның бәрі заң бойынша жүзеге асады. Бұрын заң отбасы мүшелерінің шоты мен мүлігіне кепілдік берген. Бұл жаңа заң қабылданған соң жойылады, – деп түсіндірді Әділет министрі.
Заңсыз алынған және шығарылған активтер қалай қайтарылады?
Активтерді қайтару ерікті немесе мәжбүрлі болады. Өз еркімен қайтару деген – заңсыз алынған және шығарылған активтердің барлығын немесе бір бөлігін мемлекетке беру.
Яғни адамдар өзіне тиесілі мүлікті арнаулы мемлекеттік қорға келісім жасасу арқылы өтеусіз береді. Адамдар шарт жасап, ақша төлеуі, активтердің бір бөлігін немесе барлығын беруі, алынбаған салық пен заңнаманы бұзудан келген залал сомасын мемлекетке өтеуі мүмкін.
Сондай-ақ активтерді иеленудің жалпы кезеңінде алынған үстеме кірісті қайтару, активке инвестициялау, оны жаңғырту жөніндегі міндеттемелерді қабылдау, әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру мен қоғам мүддесіндегі өзге де іс-шаралар кіреді.
Заңсыз алынған активтерді мәжбүрлеп қайтару сот шешімі негізінде жүреді. Алайда активтер сотта «негізсіз байлық» деп танылуы керек. Бұл ретте сот негізсіз байлық ретінде мемлекеттің, мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік компаниялардың мүлік құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіруге әкеп соққан заңнаманы өрескел бұза отырып алынған активтерді есептейтін болады.
Қоғамда ерікті қайтаруға қатысты нормасы қатты сыналған еді. Себебі активтерді өз еркімен қайтарған адам жауапкершіліктен босатылады. Бұл мәселеге Әділет министрі Азамат Есқараев жауап берді.
Біздің заңнамамыздағы қылмыстық процесте процессуалдық келісім институты бар. Негізі мұндай мүмкіндік активтерді өз еркімен қайтаратындар үшін де, мемлекет үшін де тиімді екенін түсіну керек. Бұл ұзақ сот процестері мен арбитраждық дауларға кететін үлкен шығындардың алдын алады, - деп түсіндірді министр.
Шекті сома 100 млн доллар
Әділет министрлігі бұл жобаның тікелей жемқорлыққа қарсы бағытталған мәлімдеді. Ендігі кезекте, лауазымды тұлғалар қомақты қаржымен шетел асып кете алмайды. Ал мұндай әрекетке барса қылмыстық қудалауға ұшырайды.
Заң қоғамдағы әлеуметтік сұранысқа жауап беруге арналған. Бұл ауқымды деңгейдегі жемқорлыққа қарсы бағытталған заң жобасы. Жауапты тұлғалардың үлкен активтерге қол жеткізіп, сырт елге шығаруына қарсы нақты шешімдер осы заң жобасында көзделген. Ол үшін активтердің мөлшері 100 млн доллардан асуы керек. Екіншінден, заңда жоғары лауазымды және қолында экономикалық ықпалы бар азаматтардың болуы керегі көрсетілген. Активтерді қайтару заң жобасында ерікті және мәжбүрлі түрде қарастырылған. Яғни өз еркімен келісімшарт жасасады немесе тәркілеу арқылы және қылмыстық қудалау арқылы жүзеге асырылмақ, - деп түсіндірді Есқараев.
Қомақты қаржыны шетелге асырғандардың есімі неге аталмайды?
Азамат Есқараев бұл заң жобасын толықтай депутаттар әзірлегенінін айтып, ұсыныс болса қабылдауы мүмкін екенін атап өтті. Оның пікірінше, идеалды заң жобасы болмайды.
Әрқашан бір тарап немесе екінші тарап риза болмайды. Кез келген мәселе батыл шешім қабылдауды талап етеді. Заңсыз шетелге шығарғандардың тізімі ашық болғаны ол үкім емесқой... Сол себепті азаматтардың істеп жүрген жұмыстары мен кәсібі бар. Егер жалған ақпарат тараса азаматтың инвестициялық ахуалына әсер етуі мүмкін. Мәселен, кейін азамат активтердің заңды түрде шыққанын дәлелдей алып жатса, теріс әсер етуі мүмкін. Сол себепті жабық түрде болғанын дұрыс деп ойлаймын, - деді Әділет министрі.
Азамат Есқараевтың дерегінше, Тәуелсіздік алғалы бері елден шамамен 160 миллиард доллар шығарылған.
Арнайы мемлекеттік қорға түсетін қаражат тек әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға пайдаланылады. Жобаларды іріктеу тәртібі тиісті нормативтік құқықтық актілермен бекітілетін болады. Жұмсалатын қаражат туралы ақпарат пен жобалар тізімі де жарияланып отырады, - деді Азамат Есқараев.
Қанша қаржы қайтарылды және неге жұмсалмақ?
Биыл көктемде Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстаннан шетелге заңсыз кеткен 670 миллиард теңгеге жуық актив қайтарылғанын айтқан болатын.
Қазіргі кезде шамамен 670 млрд теңге қайтарылды. Бұл ресми дерек. Бұл ақпаратты Бас прокуратура ұсынды, - деген еді Ерұлан Жамаубаев.
Кейін бас прокурор Берік Асылов экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында мемлекетке 760 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылғанын айтты.
Оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар қайтты.
Сондай-ақ Қазақстан басқа мемлекеттерге құқықтық көмек көрсету туралы 100-ден астам сұрау хат жолдады. Олар бойынша 100 млн долларынан асатын мүлікке тыйым салынды.
Қаржы министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының кәсіпорындарынан қосымша 100 млрд теңгеден астам салық өндіріп алса, Экология және табиғи ресурстар министрлігі 7 млрд теңгеге жуық айыппұл салды.
Прокурорлардың шараларымен олигополия субъектілеріне бұрын негізсіз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын 460 мың гектардан астам жер қайтарылды.
Мемлекеттік қызметің цифрлануға көшуі мен автоматтандырылуы
Министрлікте «Digital Justice» - «Цифрлық әділет» жобалар портфелі аясында цифрландырудың 12 жобасын іске асырылып жатыр.
«Е-заңнама»
«Е-заңнама» жобасы заң шығару процесін цифрландыруға бағытталған және заңнаманың қайшылықтарын анықтауға, өзара байланысты нормаларды қадағалауға, халыққа жоспарланған бастамаларды түсіндіру процестерін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
«Е-saraptama»
Сот сараптамасының сапасын, оның объективтілігі мен тәуелсіздігін арттыру мәселелері қылмыстық процесте тараптардың толыққанды бәсекелестігін қамтамасыз етуде бағытталған. «Е-saraptama» құқық қорғау және сот органдарымен өзара іс-қимылды автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Сот сарапшысы қызметінің ашықтығы сарапшыны автоматтандырылған жүйемен еркін таңдау жолымен қамтамасыз етілетін болады. Бұл сот-сараптама қызметіне ведомстволық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
«Цифрлық нотариат»
Жоба аясында біз азаматтарға онлайн форматта нотариусқа бармай-ақ сенімхат алу мүмкіндігін іске асырылды. Шамамен 2 130 сенімхат берілген. Енді мүлікке билік етуге байланысты сенімхаттарды қоспағанда, сенімхаттардың барлық түрлері азаматтарға мобильді қосымшада қол жетімді.
Жаңа тәсілдің арқасында биометриялық сәйкестендіру қолданылатын болады, қызмет нәтижелері EgovMobile «Цифрлық құжаттар» сервисінде 24/7 режимінде қолжетімді болады. Азаматтар әртүрлі мекемелерде цифрлық сенімхаттарды ұсына алады.
Смартфондағы мемлекеттік қызмет
Биыл қаңтар айынан бастап Halyk Homebank мобильді қосымшасында «Заңды тұлғалар туралы мәліметтер беру» және «Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы мәліметтер беру» сервисі іске қосылды. Ақпан айынан бастап Halyk Homebank мобильді қосымшасында некені (ерлі-зайыптылықты) тіркеу қызметі іске асырылды. Ақпанда Bereke Bank «B-Business» мобильді қосымшасында «ЖШС Тіркеу» қызметі іске асырылды. Мамыр айында Halyk Homebank мобильді қосымшасында ЖШС басшысының ауысуы туралы онлайн өтінім беру мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Осылайша, бүгінгі таңда министрліктің 53 қызметінен 33 мемлекеттік қызмет мобильді қосымшаларға шығарылды (eGov mobile мобильді қосымшасында – 28, екінші деңгейлі банктер – 5 (Halyk bank, Kaspi bank, Bereke Bank). Бұл бағытта жұмыс жалғасуда.