Шолпан Нұрбекова: Мейірбике кәсіби қызметінен бөлек, жақсы тыңдаушы да бола білуі керек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№6 қалалық емхана» ШЖҚ МКК бас мейірбикесі «мамандық таңдауда қателеспедім» дейді.
«Медбике үштағандық біліктілікке ие болуы керек: ғылыми – дертті түсіну үшін, мейірімділік – науқасты түсіну үшін, техникалық – науқастарды күту үшін» деген еді мейірбике ісінің және мейірбике кәсібінің пайда болуының негізін қалаушы саналатын Флоренс Найтингейл. Ол 12 мамырда дүниеге келген, бүгінде дәл осы күні Дүниежүзілік медбикелер күні аталып өтеді.
Заманауи медицинада мейірбикенің рөлі әлі де жоғары сұранысқа ие. Себебі қайырымдылыққа, қамқорлыққа, күтімге және мейірімділікке мұқтаж азаматтар баршылық. Олардың қатарына жетім балалар, мүгедектер, жалғызбасты және қарт адамдар, қабілетсіз адамдар, сондай-ақ емдеу, тексеру және оңалту процесіндегі кез келген адамды жатқызуға болады. Емнен бөлек, адамдар мейірбикелерден ең көп күтетіні – жылы қабақ, тиісті деңгейдегі назар, сезімталдық және қамқорлық.
Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№6 қалалық емхана» ШЖҚ МКК бас мейірбикесі Шолпан Нұрбековамен сұхбаттасып, мейірбике мамандығының қыр-сырын сұрап білген едік.
– Шолпан Әлкенқызы, медицина саласына қалай келдіңіз, содан бастасақ.
– Бұл салаға жүрек қалауымен келдім, мамандық таңдауда қателеспеген сияқтымын, себебі өзімді басқа салада елестете алмаймын. Мейірбикеге медициналық мекемеде, емханаларда болсын, стационарларда болсын, артылар жауапкершілік орасан. Статистика бойынша дәрігерлермен салыстырғанда медбикелер саны 3 есе көп. Мейірбике – бұл науқастар үшін кез келген жағдайда арқа сүйеуге болатын адам, қойылған міндетті мінсіз орындайтын маман. Науқастарға қатысты кез келген жағдайға дайын әрі әрбір азаматқа мейіріммен қарай алуы үшін медицикалық медбикелердің кәсіби біліктілігі жоғары болғаны аса маңызды. Сонымен қатар, мейірбикелер мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық жағдайына және пациенттердің мекемеде емделуіне тікелей жауапты қызметкер. Осы жерде талай жылдық тәжірибесі бар медбикелерді жас дәрігерлерге бағыт-бағдар көрсетуші ұстаз ретінде қарастыруға болады.
– Мейірбике деген кім, қызметі қандай, міндеті не? Осы жайында толық айтып берсеңіз.
– Мейірбикенің қызметі оның қандай медициналық ұйымда, аурухана немесе емханада қызмет етуіне байланысты. Оның негізгі міндеті – профилактикалық және емдік-диагностикалық процедураларды уақытылы әрі сапалы орындау, медициналық құжаттама жүргізу, аса қажетті жағдайда дәрігер келгенше алғашқы көмек көрсету, керек кезде пациенттердің үйіне барып ем көрсету және дәрігер жазған нұсқаулыққа сәйкес әрекет ету.
– Сіздіңше, мейірбикенің науқасқа деген қарым-қатынасы қандай болуы керек?
– Бұл жерде мейірбике-пациент-пациенттің отбасы үштігі арасындағы өзара байланысты назарға алу керек. Науқаспен өзара қарым-қатынас ерекше сфера. Өйткені бұл байланыс науқастың денсаулығына оң әсерін тигізіп қана қоймай, пациенттің психологиялық жағдайына да тікелей әсер етеді. Бұл ретте пациент өзін қинап жүрген ішкі жағдайын айта алуы үшін мейірбике өзінің кәсіби қызметінен бөлек, жақсы тыңдаушы да бола білгені абзал. Себебі медбике мен пациент арасындағы әңгімелесу медицина қызметкеріне деген сенім атмосферасын тудырады. Ал бұл өз кезегінде ем-дом жасау жолдарына аса қажет фактор.
– Мейірбике қызметіне не нәрсеге рұқсат, не нәрсеге тыйым бар?
– Бірінші кезекте – этика, деонтологиялық этика міндетті түрде сақталуы керек. Дәрігердің нұсқаулығын уақытылы әрі нақты орындау, есептік құжаттама жұмыстары, сараптама алу, инфекциялық бақылау қызметінің талаптарын орындау, санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау деген сияқты кәсіби міндеттерінен бөлек, мейірбике біліктілігін үнемі арттырып отыруы қажет. Пациенттерге, әріптестеріне, жалпы кез келген адамға дөрекілік, астамшылық көрсетуге жол жоқ. Сондай-ақ, пациенттің көзінше қойылған диагноз, емдеу жоспары туралы айтуға, емдеу шараларының дұрыстығына күмән туғызуға болмайды. Мұның бәрі кез келген мейірбике қызметке тұрмастан бұрын білуі шарт ережелер. Осыдан-ақ медицина қызметкерлерінің мойнындағы орасан жүкті бағамдай беріңіз.
– Мінезімен, әрекетімен кейде қиындық тудыратын науқастар болатын шығар, мұндай пациенттердің тілін қалай табасыздар?
– Өмірде кез келген жағдай орын алуы мүмкін. Түрлі адам, түрлі мінез бар. Біз қандай жағдай болмасын, сабырлық танытып, пациентке немесе олардың жақындарына жағдайды барынша сыпайы жеткізуге міндеттіміз. Бұл олардың медицина қызметкерлеріне толық сенім артуына болатындығына деген сенімділіктің айғағы.
– Медицина ең қиын саланың бірі. Мұнда жүйкеге салмақ түсіретін жайттар жиі кездесіп жататыны белгілі. Осындай стресті жағдайларда қалай әрекет етесіздер?
– Біздің қызмет асқан шыдамдылықты қажет ететін мамандықтардың бірі. Әрине, стресті жағдайлар болып тұрады, мұндайда отбасымның, әріптестерімнің қолдауы көмектеседі. Ұжымым отбасымдай болып кетті. Кез келген сәтте бірімізге біріміз барынша қолдау білдіріп, тәжірибемізбен бөлісіп, қол ұшын береміз. Сондай-ақ, басшылық тарапынан түрлі психологиялық тренингтер өткізіліп тұрады. Бұл да біздің жұмысқа жаңа күшпен кірісуімізге әсер етеді.
– Әр пациентке байланысты өзіңіздің жылдар бойы қалыптасқан қандай да бір әдісіңіз бар ма?
– Бір ғана әдісім бар, ол – үнемі сыпайылық таныту.
– Балаларға, қарт адамдарға ерекше қарым-қатынас жасау керек пе?
– Әрине, міндетті түрде. Балалармен жұмыс істегенде мейірбикенің жүзінде үнемі жылы жымиысы болуы керек. Сосын баламен байланыс ортану, оның назарын аудару өте маңызды. Ал жасы егде адамдар үшін жылы қабақ танытып, көңіл білдіру аса маңызды.
– Жұмыс барысында есте қалған ерекше жағдай жайында айтып берсеңіз.
– Дәрігерлерді бейбіт заманның батырлары деуге келер. Себебі олар күн сайын адам өміріне араша түседі. Әр күн біз үшін жаңа өмір, жаңа мүмкіндік. Күнде бір ерекше жағдай орын алуы мүмкін. Бірде анафилактикалық шок алған науқасқа алғашқы көмек көрсетуге қатыстым. Сонда небәрі 15 минут ішінде дәрігерлер бригадасы науқастың өмірін сақтап қалды. Бұл әрі ұзақ, әрі көзді-ашып жұмғанша өте шыққан минуттар еді. Дәрігерлер өкпені жасанды желдету әдісін қолданып, медикоментозды көмек көрсетті. Ойламаған жерден науқасқа көмек қажет болған жағдайда дәрігерлердің еш дайындықсыз, ешбір дүрмекке жол бермей, жылдам әрі сенімді әрекет етуі көз алдымда өмір бойына сақталып қалды. Бұл әрбіріміз үшін өте маңызды. Сол сәтте мейірбике мамандығын дұрыс таңдағаныма тағы бір көзім жетті.
– Сіздің ойыңызша, бұл салаға қандай мінезбен келу керек?
– Менің ойымша, бір мамандықты таңдаған адам, сол мамандыққа адалынан қызмет етуі керек.
– Әңгімеңізге рахмет!