Шөкеев құрылғанына 4 жыл болған Түркістан облысының жағдайы туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты.
Түркістан облысының құрылғанына 4 жыл уақыт өтті. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң үрдісі қалыптасты. Жалпы ішкі өнім 1,6 есеге артып, 2 трлн 800 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы 9,6 млрд теңге болды. Қазір Түркістан облысында жыл сайын 824 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, - деді ол.
Шөкеев атағандай, Түркістан облысының индустриялық аймақтарында жалпы құны 32 млрд теңге болатын 44 жоба іске қосылды.
Оның нәтижесінде 2368 жұмыс орны ашылды. Өңірде 1150-ге жуық бизнес субъектісі жұмыс істейді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 43 млрд теңгеге 315 жоба мақұлданды. «БЖК-2025» бойынша 2,5 млрд теңгеге қолдау көрсету жоспарланып отыр. ШОБ-ті қолдау шаралары арқасында өндірілген өнім көлемі 47 пайызға өсіп, 1 трлн теңгеден асты, - деді Өмірақ Шөкеев.
Қосымша 26 гектардан астам жерге жылыжайлар салынды. Республикадағы жылыжайлардың 71%-ы Түркістан облысында орналасқан. Биыл жылыжайлар көлемін 1500 гектардан асыру көзделген.
Сонымен қатар «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» бағдарламасы бойынша былтырдан бері 8 400 гектарға 3 000 астам жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде, өткен жылы 3 млн тонна көкөніс жиналды, биыл 3,1тонна өнімалу жоспарланып отыр. Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында құны 34 млрд астам теңгеге 5 серпінді ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.