Шөкеев астық ору науқанына қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданы Бөржар елді мекеніндегі «Мақта компаниясы» ЖШС-ға барды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Онда әкім жалпы облыстағы егіс көлемімен, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, шаруалармен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар, облыс басшысы  егіс алқабына шығып, комбайн жүргізіп, бидай орды.

Қазіргі таңда облыстағы бидай алқабының 44%-ы орылған. Яғни, 94 мың гектардан 183 мың тонна астық жиналып отыр. Жалпы 218 мың гектардың әр гектарынан 21 центнерден өнім алғанда 463 мың тонна бидай алу жоспарлануда. Астық оруға қолда бар 1012 дана астық комбайндардың  90-95% дайындалып, жинау жұмыстарына кіріскен.


Астық жинау жұмыстарымен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдарынан бүгінгі таңға 211,4 мың тонна картоп, 553,3 мың тонна көкөніс, 592,4 мың тонна бақша дақылдары жиналып, ішкі сұраныстан басқа Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен басқа облыстарға және шетелге экспортталуда. Жыл соңына дейін 2,7 млн. тонна картоп, көкөніс, бақша өнімдерін жинау жоспарланып отыр.

Егіс алқабында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов өңірдің саладағы жетістіктерін мәлімдеді.


«Түркістан облысында ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 823 мың гектарға егілді. Бұл 2018 жылдан 9,8 мың гектарға артық. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға сәйкес арпа – 1,8 мың гектарға артып, 40 мың га, дәндік жүгері – 2,2 мың гектарға артып, 46 мың га, картоп, көкөніс, бақша дақылдары – 5,9 мың гектарға артып, 119,8 мың га, мал азықтық 15,9 мың гектарға артып, 205,8 мың гектарды құрап отыр. Ал бидайдың егіс көлемі биыл 218 мың гектарға жетсе, майлы дақылдар – 96,8 мың га, мақта – 129 мың га егілді. Алдын ала жасалынған болжамдық есеп бойынша 218,6 мың га масақты дақылдардың әр гектарынан орташа  21,2 центнерден жалпы 462 мың тонна өнім алу күтілуде», - деді Нұрбек Бақтыбайұлы.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев сала басшыларына жаз мезгілінде ағын су мәселесін қадағалап, шаруалардың жағдайын бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, ауыл шаруашығы өнімдерін экспорттау көлемін ұдайы арттырып отыруды жүктеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы