Шоқанға арналған халықаралық конференция өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ Алматыда қазақтың біртуар тұлғасы, ғалым Шоқан Уәлихановтың туғанына 185 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шараны Білім және ғылым министрлігінің Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Республикамыздың Орталық мемлекеттік архиві және Алматы қалалық Білім басқармасы ұйымдастырды.
Жиында АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қырғызстан және Қазақстан ғалымдары бас қосты. Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Зарқын Тайшыбай конференцияға қатысушыларға «Шоқан Уәлиханов және абылайтану мәселелері» атты монографиясын таныстырып, атқарып жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының алғашқы нәтижелерін ортаға салды.
Шоқан Уәлиханов өзінің атасы Абылай туралы арнайы мақала жазып, ұлы ханның қазақ тарихында алатын орнын алғаш белгілеп бергені мәлім. Осы бастаманы одан әрі дамытып, «Шоқан Уәлиханов және абылайтану мәселелері» атты монография жазып бітірдім. Шоқантанудың ашылмаған қырлары әлі де аз емес. Қазіргі кезде Ресейдің Императорлық жағрапия қоғамының жазбалары мен хабаршыларының 1846-1867 жылдардағы сандарын түгел сүзіп, қоғамның толық мүшесі Шоқан Уәлихановтың қолымен шыққан еңбектерді және Шоқанның аты аталатын басқа жарияланымдарды жинап алдым. Зерттеу жалғасуда, осылайша ғалымның елімізде жарық көрген алты томдығына қосатын деректер мен материалдар табылатынына сенімдімін, - деді ғалым.