ШҚО-ның бұрынғы аудан орталықтарында спорт нысандарының саны артады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы уақытта өңірдің бұрынғы 13 аудан орталығында жаңадан салынатын спорттық нысандар саны арта түспек.

Бұл туралы Көкпекті ауданына арнайы іссапармен атбасын бұрған аймақ басшысы Даниал Ахметов атап өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта бұрынғы 13 аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынатын көрінеді. 

Көкпекті ауданында агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуеті өте мықты. Мұнда өз жұмысын көрсете білген шаруа қожалықтары жетерлік. Кәсіпкерлерге жан-жақты көмекті аямауымыз керек, - деді облыс әкімі. 

Іссапар барысында өңір басшысы құрылысы екі жылға созылып, жақында ғана қолданысқа берілген денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Бұл әмбебап спорттық-мәдени нысанда аудан тұрғындары кез-келген спорт түрімен айналыса алады. Кешен футбол алаңымен, волейбол, баскетбол және воркаут стрит алаңшаларымен, жүгіру жолақтарымен, жекпе-жек залдарымен және балаларға арналған ойын алаңдарымен жабдықталған. Маңайында көлік тұрақтататын орын да қарастырылған. 

Мұндай спорттық нысандарды бұрынғы 13 аудан орталығында да салу қажеттігін атап өткен облыс әкімі, аталмыш құрылыстың аудан тұрғындары үшін берерінің көп екеніне күмәнінің жоқ екенін алға тартты. Сонымен қатар, ол аудандағы көпбалалы отбасылардың бірінде болып, оларды келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтады. Бұдан бөлек, халықтың азқамтылған санаттары үшін салынып жатқан бір қабатты жеке тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.
 



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы