ШҚО шаруалары субсидиялауды жеңілдету жайлы ұсыныстар білдірді
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығысқазақстандық шаруалар мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларына деген қолжетімділік жайын талқылап, саланың кедергілерін жоюға байланысты ұсыныстар білдірді.
Естеріңізде болса, өткен жылдың қараша айында тауар нарығындағы кедергілерді анықтау және жою жөніндегі Республикалық кеңес өз жұмысын бастаған болатын. Кеңестің бірінші отырысында Кедергілер картасын құру және оны ұйымдастыру жоспары пысықталды. Мұндай кеңестер ел өңірлерінің барлығында құрылып, бүгінде табысты жұмыс істеуде. Ақпан айының бел ортасында өткен осындай кеңестің кезекті отырысында шығысқазақстандық шаруалар мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларына деген қолжетімділікті талқылап, оны жеңілдету жайындағы бірқатар ұсынысты елордаға жолдады.
Атап айтсақ, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау бағдарламасына өзгерістер енгізу жайында ұсыныс білдіріп, талап етілетін мал орындарының санын мыңнан 500 басқа, сондай-ақ төрт түлік санын мыңнан 500 басқа азайту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар сүтті және сүтті-етті мал мен құс шаруашылығының арасындағы субсидиялау айырмашылығын теңестіруге қатысты ұсыныстарды қарастырды.
Бұдан бөлек, соңғы жылдары техника мен түрлі құрылғылардың 30-50 пайызға қымбаттап кеткенін айтқан облыстық Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Әлия Мұқашева, аталған мәселенің де субсидиялау жұмыстары кезінде назардан тыс қалмау қажеттігін баса айты. Сонымен қатар соңғы уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер кеңінен қолданып жүрген ПП-3,4 сұрыптаушы платформасын да субсидиялауға жатқызу жайы айтылды. Өндірушілерді қолдау мақсатында бюджет қаражаты болмаған кезде инвестициялық субсидиялау туралы өтініштерді резервке қойып, қаражат болған кезде құжатты қайта жинамай кезек бойынша субсидия беру дағы да талқыланды.
Біздің барлық ұсыныстарымыз Кедергілер картасына енгізілуі үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жіберіледі. Астанада өз салалары бойынша жіктелген соң қажетті өзгерістер нормативтік-құқықтық актілерге енгізіледі деп ойлаймын, – дейді Әлия Мұқашева.