ШҚО шаруалары озық технологияларды өз істерінде сәтті қолдануда

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ісін өрге бастарған шығысқазақстандық «Май дақылдары тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-і 400 адамның нәпақа табуына қолғабыс етуде.

Бүгінде 400 адамның екі қолына бір күрек ұстатып, нәпақа табуына қолғабыс етіп отырған Май дақылдары тәжірибелік шаруашылығы өңіріміздегі өнім өндіру ісінде заманауи технологияларды қолданып отырған бірегей кәсіпорын. Мемлекеттік қолдауды сәтті қолданып, субсидиялауды салаларға бұра білген шаруашылық өткен жылы мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан 626,7 млн. теңге мөлшерінде субсидиялау қаражатына қол жеткізген. Мал және өсімдік шаруашылығын қатар жүргізген бұл ұйым соңғы жылдары мал басын 3,5 мыңға таятып, сүт өндіруде облыстағы басқа шаруашылықтарды басып озды. Осылайша, пайданы 25 пайызға, ал жұмысшының орташа жалақысын 200 мың теңгеге жеткізген шаруашылық сырымен осы ұйымға жетекшілік етіп отырған Фарид Абитаев бөлісті.

Әлем елдерінің тәжірибесін қолданады

«Бүгінде екінің бірі кәсіпкер бола алады, ал бизнесмен болу үшін ерекше қасиет керек. Бұл жүз адамның біріне ғана берілген қабілет». Міне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сөздерін берік ұстанған Фарид Абитаев өз ісіне бекем жандардың бірі. Алдағы күніңнің қалай болатынын іштей сезіп, болжап білген адам ғана бизнесмен бола алатынын алға тартқан ол, кей кездері өз жұмыстарын түсінде көріп, ертесіне жоспар құрып, шешімін шығарып отыратын кездерінің болатынын айтады.

Дегенмен, кәсіпті дөңгелету үшін жалғыз ішкі түйсікке сене беруге болмайды. Оның айтуынша, әр істі бастамас бұрын бастапқы ақпаратты барынша жинап алған дұрыс. Бастапқы ақпарат болған кезде ғана ой түйіп, қандай бизнес түрін бастау керектігін жоспарлай аласың. Ал оны қалай жинақтауға болады? Ол бір орында отырмай, көпшілікпен араласып, әр нәрсеге деген қызығушылық болған кезде ғана жинақталады.

Сол себепті түрлі жиындардан, көрмелерден қалмауға тырысамын. Соңғы 15 жыл ішінде әлемнің 36 мемлекетінде болдым. Технологиясы қарыштап дамыған Германия, АҚШ сияқты елдерге барып, ол жақтағы кәсіпкерлерден тәлім алдым. Тіпті өз демалысымды да босқа жібермеуге тырысамын. Отбасыммен шетелде демалған кезде барған елімнің шаруаларымен кездесіп, олармен тәжірибе алмасуға демалысымның бірнеше күнін қиямын. Мал фермаларын аралап, егіс алқаптарын көремін, қолданып жатқан технологияларын танып-біліп, дүкендердегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын саралаймын. Мысалы, өткен жылы жұбайым екеуіміз Австралияға екі аптаға демалуға барып, екі күнімізді жергілікті фермерлермен тәжірибе алмасуға бөлдік. Бастапқы ақпаратты алған соң, осы істі біздің елде қалай іске асыру керектігі, олардың жетістіктері мен қолданып жатқан технологиялары жайлы ой түйесің, – дейді Фарид Абитаев.

Шешім қабылдауда батылдық қажет

Ол жетістікке жетудің тағы бір ажырамас бөлігі – батылдық екенін айтады. Қай істе болмасын шешім қабылдауда батылдық керек. Адамдар әр нәрсенің жөнін білген соң, оны іске асыру тетіктерін, шығатын шығынды есептеп, өз ойларынан айнып қалып жатады. Елімізде алғашқылардың бірі болып жаңа технологияларды өндіріске енгізетін бұл шаруашылықтың барлық бастамасы бірден іске асып кетеді деп айтуға келмес. Бірақ, «әр адамның қателесуге құқы бар» демекші, қателікке ұрынған адам ғана сабақ алып, алдағы күнін дұрыс жоспарлай алатын болады. Қалай айтсақ та, әлемнің басқа елінде жұмыс істеп тұрған өндіріс біздің елде де жүзеге асатынына күмәні жоқ басшы, әр істі сенімділікпен бастайтын азамат.

Мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласына бизнестен келдім. Бұл салаға келмес бұрын астық саудасында ірі трейдер болдым. Яғни, астықты сатып алып, үстіне баға қосып саудаладық. Бірақ, астық экспортерлерінің табысы тым жоғары емес. Бір ретте ары кеткенде 5-7 пайыз ғана пайда табасың. Ал бизнес табысты әрі тұрақты болуы үшін пайдасы одан жоғары болуы керек. Астық бизнесінде жақсы табыс табу үшін жыл көлемінде оны 10 рет айналымға жіберу қажет. Жыл бойы он рет шешім қабылдайсың. Әр айналымның барлығы шетінен сәтті болады деп айтуға келмейді. Әр қабылдаған шешімің дұрыс болса өз-өзіңе деген сенімділік пайда болады, – дейді Фарид Абитаев.

Ал ауыл шаруашылығында жағдайдың мүлдем бөлек екенін алға тартқан ол, көктемде салған егісің күзде өз жемісін беретінін айтады. Бірақ, үлкен нәтижеге жету үшін екі аралық кішкентай жетістіктер мен жеңістерге толы болуы керек. Яғни шаруаның жайы, күннің райынан бөлек, тұқымның сапасына, минералды тыңайтқыштарға, гербицидтер мен пестицидтерге байланысты.

Көңіл сан емес, сапаға көбірек бөлінеді

Бүгінгі күні еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы жалпы ішкі өнімнің 3-тен 10 пайызға дейінгі аралығын беріп отыр. Көрші Өзбекстанда бұл көрсеткіш 35 пайыз. Дей тұрғанмен, мұндай жоғарғы көрсеткіш ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған Голландияда 12 пайыз ғана. Ал голландиялық ауылшаруашылық өнімдері әлемдік нарықты жаулап алған. Сол себепті, ауыл шаруашылығы саласының басты көрсеткіші жалпы ішкі өнімдегі орны емес, оның заманауи технологияларды қолдана отырып, өнім сапасын көтеруінде.

Дамыған елдерде адамдардың азық-түлік тауарларына кетіретін шығындары 5-7 пайызды құрайды. Бізде бұл әлдеқайда жоғары. Сол себепті азық-түлік тауарларының қайнар көзі - ауыл шаруашылығын заманауи технологиялармен жабдықтау бүгінгі күннің баста міндетті. Біздің кәсіпорын бұл бағытта көштен қалған емес. Керісінше, ұсынатын, үлгі етіп көрсете алатын жетістіктеріміз аз емес, – дейді Фарид Абитаев.

Әлемді жайлаған коронавирустық пандемия үйде екі көліктің, я болмаса үш теледидардың болуы керектігін емес, азық-түлік сақтайтын қосымша тоңазтқыштың болуы қажет екенін көрсетті. Экономиканың бар саласы тоқыраған кезде, қай елдің болмасын жалғыз сенімі ауыл шаруашылығы болып қалды. Сол себепті, елдердің барлығы өз өнімдерін өздерінде өндіріп, тұтыну үшін осы секторға қаражатты аямай құя бастады. Мұны бір ғана Чикаго биржасы дәлелдеп берді. Барлық саладағы акциялар құлаған кезде, ауыл шаруашылығының акциялары керісінше 20 пайызға өсті. Қарны тоқ, көңілі жай халық мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрақтылығының кепілі. 

Осыдан-ақ, ауыл шаруашылығының құлдырамайтынын көреміз. Бір орында тұрып қалмай, жаңа технологияларды енгізіп, өнім сапасын жақсарту, еңбек өнімділігін арттыру бағытында жұмыс істеуімізі қажет. Біздің шаруашылықтағы басты екі міндет осы. Яғни, жұмысшыларымыздың табысын арттыру және өндірілетін өнім көлемін көбейту. Кәсіпорын алдағы бес жылда жалақыны екі, өнімділікті үш есеге көбейтуді жоспарлап отыр, – дейді Фарид Абитаев.

Ауыл-аймаққа маман тартудың жолы

Десек те, бүгінгі күні ауылды жерлерге келіп жұмыс істеуге адамдарды құлқы жоқ. Неге дейсіз бе? Өйткені, көпшілік ауыл шаруашылығы мамандықтарын абыройлы деп есептемейді. Жастар механизатор болып, трактор жүргізгенше блогер мен брокер болуды армандайды.

Бірақ, жаңағы блогер кешкілік мезетте көлігін таксиге салып, адамдарды тасымалдайтын шығар? Алайда, ол қосалқы жұмысын айтуға тағы ұялады. Бір мысал келтірейін, біздің кәсіпорында бір әйел азаматша сауыншы болып жұмыс істейді. Бұрын ол Өскемендегі емханалардың біріндегі зертханада қан алатын медицина қызметкері болып жұмыс істеп, 70 мың теңге айлық алып келген. Бізге ауысқалы бері оның жалақысы төрт есеге өсіп, 220 мың теңгеге жетті. Енді салыстырыңыз, кімнің жұмысы абыройлы әрі жалақысы жақсы екенін, – дейді шаруашылық басшысы.

Бүгінде шаруашылықтың 400 жұмысшысының орташа жалақысы 200 мың теңгені құрайды. Ал алдағы бес жыл көлемінде ол еселеп өсіп, орташа есеппен 450 мың теңгеге жетпек. Ол үшін шаруашылық басшылығы арнайы жоспар құрып, оларды кезең-кезеңімен іске асыру кестесін де жасап қойған.

Жан-жақты зерделеген жөн

Заманауи технологияларды енгізбес бұрын жан-жақты зерделеген жөн. Бұл жайында өз пікірін білдірген Фарид Абитаев, әр технологияны өндіріске енгізбес бұрын жан-жақты саралап, зерттеп алған дұрыс екенін айтады.

Осы жайында бір мысал келтірейін. Бірнеше жыл бұрын маған сиыр сауу үрдісіне роботты сауын жүйесін енгізу туралы ұсыныс түсті. Осы мәселе бойынша Германияның Франкфурт қаласына қысқа мерзімдік курсқа бардым. Сол жерде неміс мамандары бір сиырдан сауылатын сүт мөлшері жылына 8 мың литрден жоғары болса ғана бұл құрылғының пайдасы бар екенін ескертті. Егер одан төмен болса фермер шығынға белшеден батады екен. Бүгінгі таңда бүкіл облыс бойынша біздің шаруашылық қана осы мөлшерден асып, бір сиырдан сауылатын сүт мөлшерін 9000 литрге жеткізді. Қазіргі уақытта 1300 сауын сиырдың әр басынан орташа есеппен күніне 27 литрді сүт сауамыз, - деп қосты Фарид Абитаев.

Осылайша, сүтті бағыттағы ірі қара шаруашылығын дөңгеленткен кәсіпорында бүгінде 3429 бас сиыр ұсталып отырған автоматты смарт ферма салынған. Сауын сиырлар саны соңғы бес жыл көлемінде 19 пайызға ұлғайған. Бұл өз кезегінде мал азықтық дақылдар егілетін егістіктер аумағын да ұлғайтуға жағдай жасап, соңғы жылдары егіс көлемінің өсімі 10 пайыздан асты. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы