ШҚО-ның шалғай ауылдарында 120-дан астам электрондық қызмет көрсетіледі

 

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Аягөз ауданының үш ауылдық округінде халыққа электронды қызмет көрсететін орталықтар ашылуы мүмкін.

Бүгінде өңіріміздің шалғай орналасқан ауыл-аймақтарында жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қызмет түрлерін алуға көмек көрсетіп отырған мұндай орталықтар алдағы уақытта Ақшәулі, Өркен, Сарыарқа ауылдық округтерінде ашылуы жоспарланған.

Ауданымыздың елді мекендерін интернет желісімен қамту жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. Атап айтсақ, өткен жылы Малкелді, Байқошқар ауылдарына 4G, Тарбағатай, Майлин, Мыңбұлақ ауылдарына 3G жылдамдықтағы инетрнет тартылды. Қазіргі уақытта Қарағаш, Емелтау елді мекендеріне байланыс құралдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Транстелеком» мекемесімен келісе отырып Тарлаулы ауылдық округінің әкімшілігінен бөлек, ауылдың 80-нен астам тұрғыны жоғары жылдамдықтағы интернет желісімен қамтылды, – дейді аудан әкімі Сейілбек Ысқақов. 

Бұдан бөлек, өткен жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында «Қазақтелеком» мекемесінің оптикалық талшықты желісіне Байқошқар, Малкелді, Өркен, Айғыз, Нарын ауылдық округтері қосылып, интернет жылдамдығы секундына 10-нан 50 мегабитке артты. Сондай-ақ, қазіргі уақытта аудан аумағында ауыл-аймақ тұрғындарын алысқа сабылтпай мемлекеттік қызмет түрлерін жергілікті жерден алу жұмыстары да атқарылуда.

 

Былтыр Қосағаш, Бидайық, Мәдениет, Айғыз, Тарбағатай ауылдық округтерінде заманауи мемлекеттік қызмет көрсететін орталықтары іске қосылды. Қазіргі уақытта оларда ай сайын 120-дан астам қызмет түрлері көрсетіледі. Мұндай орталықтар Ақтоғай, Ақши, Баршатас ауылдық округтерінде де бар. Алдағы уақытта Ақшәулі, Өркен және Сарыарқа ауылдарында да осындай жұмыстарды жоспарлап отырмыз, – деп қосты аудан әкімі.
 


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы