ШҚО-ның Бесқарағай ауданында биыл бес ауыл ауызсумен қамтылады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Бесқарағай ауданының бес ауылына ауызсу құбырларын тарту жұмыстары басталып, өткен жылдан бері жалғасып келе жатқан үш жоба аяқталады.

Бұл туралы тұрғындар сауалдарына тікелей эфирде жауап берген Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Алмагүл Әлімбаева хабарлады. Оның айтуынша, үстіміздегі жылы Бесқарағай ауданының Глуховка, Жетіжар, Бөдене, Мостик және Ерназар сынды елді мекендеріне су құбырларын төсеу жұмыстары басталмақ.

Қазіргі уақытта аталмыш бес ауылға су құбырларын төсеу жұмыстарын жүргізуге байланысты жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Бүгінгі күні облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына республикалық бюджеттен қаражат бөлу туралы бюджеттік сұраныс жолданып қойған. Енді келіп түсетін қаражатты күтіп отырмыз, - дейді Алмагүл Әлімбаева.

Жауапты тұлғаның хабарлауынша, аталған бес ауылдан бөлек, биыл өткен жылдан бері жалғасып келе жатқан тағы үш жоба соңына жететін көрінеді. Атап айтсақ, Долон, Қарабас және Қарағайлы елді мекендерінің тұрғындары биыл таза ауызсуға қол жеткізбек. Сонымен қатар, 2021 жылы аудан орталығы Бесқарағай ауылының ішіндегі көшелерге қосымша жаяу жүргіншілер жолақтары салынып, жол белгілері орнатылмақ. Сондай-ақ, көктем шыға екі пәтерлі он үйдің құрылысы басталады.

Бұдан бөлек ауыл-аймаққа жұмыс істеуге келген жас мамандарға көтермелеу төлемақысы мен аз пайыз несие алып, баспаналы болу жағын да айтқан ол, мұндай қызметтің аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде көрсетілетінін атап өтті.

Ауыл-аймаққа жұмыс істеуге келген жас мамандарға көтермелеу төлемақысы мен аз пайызбен баспана алуға несие беру қызметі көрсетіледі. Аталған төлемақы мен несиені медицина, білім, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы салаларына, ал биылдан бастап, ауылдық әкімдіктерге жұмыс істеуге келген мамандар ала алады, – деді Алмагүл Әлімбаева.

Оның айтуынша, жас мамандарға берілетін көтермелеу төлемақысы 100 айлық есептік көрсеткішті, яғни 291 мың теңгені құраса, баспана алуға берілетін жеңілдетілген несие мөлшері 1500 айлық есептік көрсеткішті құрайтын көрінеді. Атап айтсақ, ауылды жерге жұмыс істеуге келген әр маман 4,3 млн. теңге мөлшеріндегі несиені 0,001 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылдық мерзімге ала алады. Ал қажетті құжаттар тізімін білуді қалағандар аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне немесе жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінулеріне болады.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы